Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  188


Автор: Тұрсынай Оразбаева

АНАМА СЫР

Тартқан мені-әу бастан өнер елі,
Сүймесем азабына көнер ме едім?!
Желік қуып жүр ме деп жүдеме, Ана,
Жай-күйімді ұға алсаң егер менің.

Кездерім көп ой қуып қиялдайтын,
Бөлме түгіл әлемге сыя алмайтын.
Көкірегімде толқыған дауыл күйді
Тілеп тұрса жүрегім тыям қайтіп?

Көкейге алуан сол күйден сыр тұнады.
Ашылғандай сезімнің гүл құрағы.
Арта түсіп тірлікке шын құмарым,
Жыр бұлағы жанымның бұлқынады.

Аян болсын мақсатым биік тұрған.
Ару көңілім ақ торғын киіп нұрдан,
Несі сөкет тербесе мына өмірді
Парасатты ой-өрнек түйіп жырдан.

Талабымды өміршең құп алғайсың,
Арман – кемем жүзсе алға қуанғайсың.
Қуанышың, алғысың – бойға қуат,
Жапырағын өлеңім – шынар жайсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу