Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  134


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қауіп

Талай жігіт қиянаттан күйінді-ау.
Күйінді де қыршын ғұмыр қиылды-ау!
Қиын еді Спартактың ғасыры,
Біздің ғасыр одан гөрі қиындау!
Біз құлдықтан құтылғалы қай заман!
Енді таққа қайта оралмас ханзадаң.
Бірақ, бірақ нейтронды бомба бар,
Құтылсақ та қылыш пенен найзадан!
Бір-ақ бомба — бір қаланы қырған да
Хиросима әруақ болып жүр маңда.
Жеке бастың тауқыметі сөз бе екен
Жер бетінің тауқыметі тұрғанда!
Мынау заман өзің өскен,
Мен өскен
Заман болды екі дүние егескен.
Елің тыныш,
Тыныш емес жер, бірақ,
Шығаруға болмайды, дос, мұны естен!
Музейлерге берілгенмен сауыттар,
Таң атқанша созылғанмен сауықтар.
Аспан астын кезіп жүрген үрей бар;
Адам! Адам!
Адамзатқа қауіп бар!
Жөні бөлек болат сауыт киюдің,
Жөні бөлек Отаныңды сүюдің...
Керек бізге періштенің жүрегі,
Керек бізге күш-қуаты диюдың!
Бір-ақ бомба — бір қаланы қырған да
Хиросима әруақ болып жүр маңда...
Жеке бастың тауқыметі сөз бе екен,
Жер бетінің тауқыметі тұрғанда!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу