27.03.2024
  130


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Өзімді таныстыру

(Немеремнің өтінішімен жазылған)
Мен жүз жетпіс үшінші
Мектеп оқушысымын.
Математик, мүсінші Болсам дейтін «кісімін».
Мектебіміз бүгінде
Елімізге әйгілі.
Кенелтеді білімге,
Жер жарып тұр айбыны.
Сыныбымыз – төртінші «А»,
Кілең алғыр ұл-қыздар.
Алдымызда өр тұрса,
Тайсалмайтын жұлдыздар.
Жарқыраған жұлдыздар,
Жетекшіміз кім сонда?
Жанар апай – ұл-қыздар
Сүйіктісі нұр шам да.
Ал мен бүлдіршінімін
Бүгінгі өмір көшінің.
Димаш Сауранұлымын,
Киелі есім – есімім.
Ертеректе
Көңілден
Кетпейтұғын,
Аты – аңыз,
Өткен екен өмірден
Димаш деген атамыз.
Көзіндей боп жарықтың
Озып шығып қатардан,
Димаш ата халқтың
Сүйікті ұлы атанған.
Ақылды да, ұстамды,
Биік тұрған басқадан.
Атай Қазақстанды
Биіктерге бастаған.
Еркелетіп ел қойған
Димаш деген бұл аты.
 Бабасындай ер қойған
Дінмұхамед шын аты.
Жұрт атаны бағалар
Ұлына атын қойып жүр.
Димаш атты балалар
Елімізде толып жүр.
Жарасымды бірлігі,
Мен бірімін солардың.
Болашақта үлгілі
Азамат та болармын.
Сол атаға ұқсағым
Келеді де тұрады.
Кітап толы – құшағым,
Кітап – білім бұлағы.
Мектебіміз көңілді-ақ ,
Жақсы оқу – міндетім.
Міндетімді орындап
Отырамын күнбе-күн.
Жанар апай білімге
Кенелтеді үнемі.
Сабақ үлгеріміме
Ырза болып жүреді.
Барлық пәнді сүйемін,
Сүймейтұғын пәнім жоқ.
Киманомды киемін,
Спорт десе жаным жоқ.
Медалім бар бір күміс,
Екі қола, екі алтын.
Жаттығулар, ұмтылыс
Қуат берер көп әр күн.
Жалықпаймын атамның
Әңгімесін тыңдаудан.
Қиялдап мен жатамын
Асармын деп шыңдардан.
Әжем болса зейнеткер,
Энциклопедист – журналист.
Сұрақ қойсам кенеттен,
Түсіндіріп шыңдағыш.
Кейде жиын-тойларда
Сызылтып ән салады.
Жұрт әнші деп ойлай ма,
Құлшына қол соғады.
Анама да жүгінем –
Орыс тілі маманы ол.
Мені орыс тілінен
Бақылауға алады ол.
Әпкем мені баулиды
Қайсар бала болуға.
Өнері бар сан қилы,
Жүрем ылғи соңында.
Айтысамын күнде мен,
Ол алтыншы сыныпта.
Қол өнерден жүлдегер
Атаңды ол жуықта.
Ал руым жайында
Білмесем де жол болар.
Үйленудің алдында
Сұрастырған жөн болар.
Ру. Керек ол қанша,
Оны айтпай-ақ қояйын.
Ру ұлы болғанша
Халық ұлы болайын.
 Жас тілшісі «Ұланның»
Куәлігім және бар.
Өлең жазып тұрамын
Құрбыларым нәр алар.
Жайшылықта бірін де
Айтпас едім аттан сап.
Керек боп тұр бүгінге,
Демеңіздер мақтаншақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу