21.03.2024
  39


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Інiм

– Жат! – деп кешке iнiме,
Әжем әлек болады.
Қарап сағат тiлiне,
Iнiм жатпай қояды.
– Көрдiң бе бұл жаманды,
Сөздi қашан ұғасың?
Ертең ерте
Адамды
Тұрмай, әлек қыласың.
Шырағым-ау, жас бала
Жатпай ма ұйқтап бұл уақта?
Кешiгемiз бақшаға,
Қалдырасың ұятқа! –
Десе де әжем қиналып,
Iнiм оған көнбейдi.
Басын шайқап,
Бұралып:
– Сағат әлi он, – дейдi.
Мейлiң сипа басынан,
Ұйқтағысы келмейдi.
Мейлiң кейi, ашулан,
Дәнеңе де өнбейдi.
Әлек салып жылайды,
Жылауға өзi бейiм-дi.
Көрем дейдi ұдайы
Киноны оннан кейiнгi...
Телевизор дегеннiң
Жетедi екен шатағы.
Кино бiтсе,
Көргенiн
Оймен шолып жатады.
Серпiп iнiм көрпенi,
Көз iлмейдi көп уақыт.
Есесiне ерте оны
Алу қиын оятып.
Әжемнiң дәл келедi
Күн iлгергi болжамы.
Жылап қоя бередi,
«Тұр» десең-ақ болғаны.
* * *
Сипап қойып айдарын,
Алақайлап жүр iнiм.
Тауып апты
Айнаның
Алақандай сынығын.
Қолына алып олжасын, Қайта-қайта қарайды.
Тыным таппай
Ол шашын
Жиi-жиi тарайды.
Әжем:
– Күнiм жiгiт! – деп,
Кемсеңдейдi иегi.
Шешем де оны
Күлiп кеп,
Маңдайынан сүйедi.
Әкем де көп мақтады,
Жақсы болды бұл өзi.
Сағатты ендi бақпады,
Күрт өзгердi мiнезi.
Өзгеше едi нақ кеше,
Киноға тым құмар-ды.
Сөйте тұра:
«Жат» десе,
«Құп» дейтiндi шығарды.
Терiс қарап,
Оранып,
Дереу жата қалады.
Мiне, ендi ол анық
Жiгiт болды, саналы...
* * *
Ал таңертең тұр-тұрлап,
Азан-қазан үй әлi.
Жарты сағат қыңқылдап,
Жасын әрең тыяды.
Көрiнгенге ұрынды,
Ұйқысы бiр қанбады.
Шала-шарпы жуынды,
Бұрынғы әдет қалмады.
Ұйқы жеңiп тәбетiн,
Iштi асын «ән салып».
Ендi осы әдетiн
Өзгерте алмай шаршадық.
* * *
Отырып ем бiрде мен
Сабағымды оқуға.
Бұрын көрiп-бiлмеген
Болды тосын оқиға.
Көршi үйдiң баласы
Менiң iнiм екеуi
Әлденеге таласып,
Қызып-қызып кетедi.
Ересектер үйдегi
Құлақ түрсек ақырын,
Түнде болған киноны
Жыр еттi-ай қос батырың.
– Анау қашты, бұл жеттi,
Анау сосын бүй дедi, ә?
Бетiне қол былш еттi,
Сонсоң анау иледi, ә?
Содан кейiн өздерi
Сол екеуi бола қап,
Ұмытты да өзгенi,
Алысты-ай кеп домалап...
Осылайша киноны
Ойнап шықты түгелдей.
Бақтық бар жан үйдегi
Бiр iсiн қалт жiбермей.
Қайран қалдық iнiме,
Көрген жоқ ол киноны.
Ұйқтап жатты iңiрде,
Сонда қалай бiлдi оны?
Мұның сырын бiз ұқпай,
Жүрсек бiр күн бақылап,
Батады екен қызыққа,
Терiс қарап жатып-ақ.
Көредi екен киноны,
Ыңғайлап ап айнасын.
Байқамаппыз мүлде оны,
Асырыпты айласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу