Өлеңдер ✍️

  20.03.2024
  61


Автор: Серікбол Валихан

Орны бөлек екен ғой

 


Екі көзім егіліп толды жасқа,
Бағаламай қалғандай барды баста.
Асты-үстіне түсіңдер Ата-ананың,
Жүрмейді екен олар да мәңгі қаста.


Қабағыма қарайтын қайран Анам,
Дәл өзіңдей жанашыр қайда маған.
Жерде тұрса жәннәтім есерсоқ боп,
Бақ қуыппым адасып айдаладан.


Көзім жетіп Әкемнің кеткеніне,
Егілдім мен осылай көпке міне.
Жүруші еді қалқайып қора жақта,
Ағаш жонып кетіктеу кетпеніне.


Жолатпаймын жабығып жан қасыма,
Жетімдік па? білмеймін ол да сірә.
Көзім жетті Әкем де, Шешем менің,
Мәңгі бірге қасымда қалмасына.


Жалғандағы қолдаушым, жақсыларым,
Өле-өлгенше балам деп бақ сұрадың.
Етек толып еңіреп мен сендерді,
Құлдық ұрып Құдайға тапсырамын.


Шарайнасын шаттықтың құртып алып,
Жығылдым деп тағдырды жұлқыладық.
Көнеді екен адам да жетімдікке,
Пешененің суынан бүркіп алып.


Кең дүниеде көсілдім, көлбеңдедім,
Осы болды өмірді меңгергенім.
Жұмақ бағым едіңдер саялайтын,
Қай кездеде қамықсам сендер менің.


Көкіректе шер қалды түйнектеліп,
Сол ғой мені тоздырған сүйреп келіп.
Кеше мені тербеген Әке-Шешем,
Қалды қәзір бір жота үймек болып.


Осы міне өмірдің өгей тұсы,
Сырты күліп, білмейсің не дейді іші.
Жақыныңды алғанда қалады екен,
Адам деген сорлының кемей күші.


Мен шөлдедім, сіздерсіз қаталадым,
Күйін кешіп бір бейбақ шақаланың.
Орны бөлек екен ғой, қайдан білем,
Қайдан білем әй сорлы Ата-ананың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу