14.03.2024
  39


Автор: Ораза

Сұрақ: Сәресі ішу міндет пе?

Жауап: Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануды немесе ең болмағанда су ішуді білдіреді. Үкімі – мұстахап (істесе сауап, ал орындамаса күнә саналмайтын іс) амал[1]. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: 


 تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً


«Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» [2]. 


Тағы бір хадисте: 


فَصْلُ ما بيْنَ صِيَامِنَا وَصِيَامِ أَهْلِ الكِتَابِ، أَكْلَةُ السَّحَرِ


 


«Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»[3]– дейді.


Келесі хадисте: 


لسُّحُورُ أَكْلَةٌ بَرَكَةٌ فَلا تَدَعُوهُ وَلَوْ أَنْ يَجْرَعَ أَحَدُكُمْ جَرْعَةً مِنْ مَاءٍ فَإِنَّ اللَّهَ وَمَلائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى الْمُتَسَحِّرِينَ


 


«Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді»[4], – дейді.


Бұл жайлы имам Нәуауи: «Хадисте берекет бар деп келуі адам сәресіде тамақ ішумен қуат алып, ораза ұстауға белсенділігі және қызығушылығы артады. Сондай-ақ сәресі уақытында дұға жасалып, зікір айтылады. Алланың мейрімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Ол уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп сауапқа кенелу артықшылығы да бар»[5], – деген.


Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады[6]. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу