04.02.2024
  189


Автор: Софы Сматаев

Ыстық жүрек, бай көңіл – Байқоңыр

— Байқоңыр... Неге солай аталған?


— Байқоңыр... Қоңыр желі көп болған деседі, балам.


Байқоңыр өңірі. Қоңыр желі мол, шуағы аз, сынағы көп мекен. Көшпелі елдің қонысы, аяқты малдың өрісі ғана болған. Қатаң табиғаты, қытымыр қысы, аптап жазы даланы өгейсітсе де, бауырындағы халқына өгейлік жасаған Байқоңыр болған емес.


Байқоңыр басқаға қатал көрінсе де, құт мекен күйін өзгертпеген. Жайлаған жұртының ырзығын айыртқан, несібесін ұсынған, ырысын ортайтпаған.


Байқоңыр қоңыр салқын желімен ғана емес, көңілі түссе қоңыр самалымен де бай. Бірақ патшалық Россия тұсында ол "сенімсіздерді" жер аударатын алыс түкпір, жатбауыр мекенге айналған. Білім шырағы тұтанбаған жердің қараңғы қапасы саналған Байқоңырға саналы азаматтар көптеп айналып келіп, өз көңілінің нұрынан сәуле түсірген.


Солардың бірі — 130 жыл бұрын Айға ұшуға болатынын айтып "діни ұғымға қарсы сәуегейлік соғып, шатпақтағаны үшін" Байқоңырға жер аударылған Никифор Никитин дейтін мещанин.


Қарашы, балам, "Айға ұшуға болады" деген Никитин "сандырағы" үшін қараңғылықтың ордасы Байқоңырға аласталған.


Патша чиновниктері осыдан жүз отыз жыл бұрын адам ойының ең батыл пікірін білдірген орыс мещанинін қазақ даласына жөнелткенде, дәл осы өңірде қараңғылық пен надандық ортасы көрінген Байқоңырда дәл сол батыл ойдың — адамзаттың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асарын білмеген ғой. Менсінбеушілік пен астамшылықтың қайда соғарын көрдің бе?


Сенімсіздік пен секемшілдіктің қандай кесепат туғызатынын пайымдадың ба, балам?


Қазақ даласы — патшалық Россия үшін мешеуліктің символы ғана боп қалса, ол кезде үміт сауған көңілдің тас қорғанға кездесе бергені түсінікті емес пе?


Байқоңыр. Ғасыр қойнынан жарқ етіп туар ашық күнін халқымен бірге қажымай күткен төзім шежіресі ол.


Күннің қызыл сәулесі Байқоңырды түннің қараңғы түнегінен суырып алды. Октябрьмен бірге таң шұғыласы Байқоңыр шахталарына нұр қойды. Өмір әрекетінің сан қилы дыбысын, әр түрлі қимыл-қозғалысын әкелді.


Байқоңырға түрлі ұлттың азаматы енді өз еркімен келді. Өз жүрек қалауымен оралды. Байқоңыр — еріксіздік қапасынан, еркіндік мекеніне айналды.


Асығыстық күлкіге душар етеді, төзімділік мақсатқа жеткізеді. Сол мақсат сағаты Байқоңырда шырылдады. Қараңғылық пердесін ысырған советтік дәуірдің алтын нұры енді Байқоңырда ерекше алаулады. Байқоңырдың аты — жұмысшы атымен қатар естілді. Байқоңыр даңқы Ұлытау, Жезқазған даңқымен қоса жаңғырды.


Бірақ Байқоңырдың әлемге тегіс ардақты, әлем азаматтары үшін "Жер" деген ұғыммен тең тұратын, кейде сол ұғымды алмастыратын бақытты сәті, қайырлы кезеңі жақындап қдлған еді.


Малшы Байқоңыр жұмысшы Байқоңыр боп еңсе көтерсе, көп ұзамай космонавт Байқоңыр, космодром Байқоңыр болып, ғарыш пен планетаны жалғастыратын мәңгілік Көпіріне айналатын күні таянған-ды.


1955 жылдың апрелінде Қызылорда облысындағы қазақтың көне Байқоңыр қыстауына алғашқы құрылысшылар десанты аяқ басты. Қоңыр самалы желпіген даланың жаңа тарихының өзгеше бетінің алғашқы әліппесі солай басталды.


Ызғарлы көктемді алмастырып аңызақты жаз жетті. Дала табиғаты жуасыған емес, ыстық жазды ызғырық желді күз қуып, артынша-ақ үскірік аязды, қатаң қыс оралды.


Жұмыс қарқыны бәсеңдемеді.


Шөлейттегі екі жыл, еңбек бәсекесімен дүбірлеген екі жыл өте шыққанда, қала орнап, космодром салынып та бітті.


Байқоңыр космодромын қабылдау күні туды.


Жайшылықта мақтау сөзге сараң, талап қоюға шебер академик Бас конструктор С.П.Королевтің:


— Құрылысшылардың бізді бөгемейтініне сенімім күшті еді. Бірақ дәл осындай қысқа мерзімде осыншама үлкен құрылысты әрі шапшаң, әрі тыңғылықты орындай қояр деп күтпеп те едім, Қадірлі жолдастар, сіздерге көп-көп алғыс айтамын! — деуі тегін емес.


Байқоңыр жұлдызы солай жанған.


Өмірдегі бақыт кешігу де, кенжелеу де емес, кезінде көзге түсу, жұлдызың жану.


Жұлдызың жанса — кенжелегенің кешірімді. Тек дүниеден үнсіз өтуден артық өкініш жоқ, елеусіз қалудан өтер қиянат жоқ.


Байқоңыр жұлдызы дер кезінде туды.


Шөлейт жапанның жұлдызды тағдыры бар екен.


Арада отыз жыл уақыт өтіпті. Бүгінгі Байқоңыр мүлде адам танымастай түлеген құт мекен. Елу мыңнан астам халқы бар жаңа қаланың оқтай түзу көшелерінің бастау алар жерінде гүлзармен көмкерілген орталық алаң бар. Сол алаңда космодромға бетін түзеген Лениннің ескерткіші тұр.


1975 жылы Байқоңырда болғанда "Аполлон" кораблінің командирі, американ астронавы Томас Стаффордтың пресс-конференцияда сөйлеген сөзінде: "Осыншама қысқа мерзім ішінде дүлей шөлейтте әсем қала мен тамаша космодром орнатқан совет адамдарының ұлы жеңісіне бас иеміз", — деуі социалистік құрылыстың өміршеңдігін еріксіз мақұлдаудың айғағы.


Оны мақұлдатқан бүгінгі Байқоңыр.


— Білем, папа. Жер серігі мақұлдатқан оны...


— Байқоңыр даңқы алғаш рет 1957 жылғы 4 октябрьде бүкіл әлемге бір-ақ сәтте тараған.


Ол алғашқы жер серігінің ғарыштан лүп-лүп жеткен дыбысымен, адамзат ойының құдіретіне бас иген барлық халық өкілдерінің жүрек дірілімен естілген.


Ол Байқоңырдағы космодром комплексінің қасындағы жердің бірінші жасанды серігіне арналған обелискідегі "Осы арада совет адамы данышпандығының космосқа батыл шабулы басталған (1957 ж)" — деген жазудың мәңгілік қуатымен тасқа қашалып қалған.


Байқоңыр болашаққа қызмет етеді.


Ал сол болашаққа алғашқы баспалдақты салған Юрий Алесеевич Гагарин еді.


Космодромның қасында жалғыз қабатты жатаған үй тұр. Сол үйдің кіре берісінде мемориал тақтаға: "Бұл үйде дүние жүзінде космосқа бірінші боп ұшар қарсаңында Юрий Алексеевич Гагарин түнеп шыққан. 1961 жыл 11-12 апрель" деген жазуды оқығанда тұла бойыңды еліңе, Отаныңа, советтік халқыңа деген мақтаныш сезімі билейді.


— Жеңістің қырық жылдығы қашан, қай жылы болатынын білесің ғой, Алмас?


— Неге білмеймін... 1985 жылы.


— Дұрыс, 1985 жылы. Бұл жыл Юрий Алексеевич Гагарин есіміне байланысты көп оқиғаларды еске салады, балам. Фашистік Германияға қарсы совет халқының Ұлы Жеңісіне қырық жыл толса, Гагариннің өмір жолының да кейбір мүшелді жылдары еріксіз ойға оралады. 1985 жылы Ю.А.Гагарин атындағы Саратовтағы иңдустриалды-педагогикалық техникумның құрылғанына қырық жыл толады екен. Гагариннің осы техникумды бітіргеніне де отыз жыл, ең алғаш самолет штурвалын ұстап, ұшқанына да отыз жыл болады. Байқоңыр — космодромының ірге тасын қалаған күннен бері аттай отыз жыл өтсе, Гагариннің ерлігі мен ісін, жалғастырып жатқан космонавтар тұратын "Звездный" қалашығының орнағанына жиырма бес жыл толады екен. Ал осы қалашықтағы музейде Гагариннің 08909627 номерлі партиялық билеті сақтаулы тұр. Сол билеттің дәл қасында, 1976 жылғы апрельде қазақстандықтар арнайы тапсырған Байқоңырдың бір уыс топырағы кішірек шыны шөлмекте жатыр.


Байқайсың ба, балам, халық өз перзентін қалай қастерлейді? Қалай ардақ тұтады. Юрий Алексеевич Гагарин тек совет Одағының космонавы емес, Жер атты жасыл планетаның бүкіл адамзатына бірдей ортақ азаматы.


Гагариннің ғарышты игерудегі ерлігінің мән-мағынасын Америка астронавы Джозеф Кервиннің:


— Біз, барлығымыз ғарышта Гагарин ашқан ұлы қақпа арқылы болып қайттық, — деген бейнелі сөздерінен айқын ұғынамыз.


Гагарин салған ғарыш жолы Байқоңырдан басталып, күні бүгінге дейін оның ізбасарларын космос кеңістігіне жөнелтіп жатыр. Содан бері де біздің және басқа елдердің жүзден астам космонавы ғарышта болып қайтты.


— Папа, ғарышқа ұшудың негізгі мақсаты неде? Әлемдік суық Кеңістікке тек әуестік үшін ғана біріншілікті бермейміз дейтін әрекетпен ұшатын болса, ондай әуесқойлық адамзатқа өте қымбатқа түспей ме?


— Сұрағың өте орынды, Алмас. Салыстырып көруің үшін бір-екі мысалды айта кетейін. Американың бірінші астронавы Джон Гленнің орбитада болған төрт сағаттық ұшу сапарының әр минуты бір миллион 680 мың долларға түскен екен. Ал екі сағат қырық минут айда болған "Аполлон -12" экипажының әр секунды 30 мың доллар қаржы қажет етіпті.


— Сұмдық көп қой?!!


— Иә. Бірақ жыл өткен сайын әлгі шығындар өзін ақтап, керісінше, пайда түсіре бастады. Әсіресе біздің жоспарлы социалистік құрылыста космосты зерттеуге бөлінген әрбір сом қаржы бірнеше еселеп қайтады.


Космосты зерттеудің халық шаруашылығына тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Олар —телефон-телеграфтық байланысты космос арқылы жеделдету әрі оңайлату;


телевизия хабарларын "Орбита" жүйесі бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде көрсету;


ауа райын алдын-ала болжау;


табиғи байлықты спутниктер арқылы анықтау;


әр түрлі халық шаруашылық мәселелерін шешу үшін спутниктер арқылы географиялық зерттеулер жүргізу;


сондай-ақ, Айды және Күн жүйесіндегі планеталарды ғылыми тұрғыда зерттеу...


— Шынында да, керемет екен! Соның бір-екеуіне мысал келтірмес пе екенсіз? — деп Алмас ентеледі.


— Отанымыздың минералдық қазбаларға өте бай екенін өзің де білесің, балам. Бірақ соны дәстүрлі геологиялық әдістермен анықтаудың өте қиындығын, кейде мүмкін еместігін айтып жату артық. Бүгінде сол минералдық қазынаны табуға космонавтика көп жәрдемін тигізе бастады. Соның арқасында зерттеу, іздеу мерзімі қысқарып, тиімділігі әлденеше есе артты.


Геологиялық барлау жұмыстары үшін ұшырылатын космостық аппараттардың он күн ішінде жинайтын мәліметін самолеттерді пайдалансақ, он жылда да ала алмайды екенбіз.


Манғышлақ түбегін қаншама геологтар шарлады. Қанша мәрте геологиялық партиялар барлау жасады. Ал "Салют -3" орбитальды станциясында түсірілген суреттер бұл өңірде мұнай мен газдың, жер асты тұщы суының мол қорын, полиметалл кенін анықтап берді.


Өзбекстандағы Ферғана алабын алпыс жыл бойы зерттеген геологтар газ бен мұнай табылған 102 жерді картаға түсірсе, "Салют -3" станциясы ұшақ айдың ішінде осындай мұнай мен газдың 84 жаңа орнын ашып берді.


Станциядан алынған мәліметтерді Байкал-Амур магистралін жобалау кезінде инженерлер мен конструкторлар тиімді пайдаланған.


Ауыл шаруашылығы мен кеме қатынасы үшін космостық зерттеулердің етер ықпалы ерекше. Экономистердің есептеуінше, құрғақшылық пен бұршақтың, құм дауылы мен қатқақ суықтың кесірінен еліміздің ауыл шаруашылығы кей жылдары бес миллиард сомға жететін зиян шегетін көрінеді. Сондықтан да табиғат тәлкегіне ұшырамау үшін ауа райының құбылуын алдын-ала болжаудың маңызы өте зор. Осындай болжам мәліметтерді Байқоңырдан ұшырған "Метеор" спутниктері дер кезінде беріп тұрады.


Жерді бір ғана айналып шыққанда "Метеор" спутнигінің жинайтын мәліметі планетамыздағы бүкіл метеостанциялардың беретін мәліметінен жүз есе артық екен. "Метеор" спутниктері жүздеген циклондардың басталатын тұсын алдын-ала көрсетіп, жүздеген кемелерді апаттан сақтайды. Ол авиацияға да жәрдемін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда жыл сайын халық шаруашылығының миллиардтаған қаржысын үнемдейді


Москвада өткен жиырма екінші Олимпиядалық ойындарды көріп едік қой.


— Иә, ғаламат рекордтар болған.


— Сол ойындардан репортаж жүргізген 1200 радио және телекомментаторлар бір сағатта қанша халықаралық байланыс жүргізгенін білесің бе?


— Білмеймін...


— Алты мың. Осы алты мың байланысты сағат сайын өткізу үшін спутниктер көмекке келген, балам.


— Спутниктер — адамның нағыз қолғанат жәрдемшілері екен-ау! — деп Алмас таңдай қақты.


— Иә. Космос техникасын жасау, ғарышты зерттеу адамзаттың ой-өрісін кеңейтеді, техника мен ғылымның одан әрі дамуына мүмкіндік жасайды, кадрлардың мамандығын арттыруға үлкен әсер етеді.


1967 жылы социалистік тоғыз елдің ғалымдары "Интеркосмос" программасын қабылдаған. 1971 жылы СССР-дің қолдауымен халықаралық "Интерспутник" ұйымы құрылған болатын. Соның нәтижесінде осы ұйымға кіретін елдер біздің "Молния" жүйесін телефон-телеграф байланысы үшін және телехабарлар программасына пайдаланады.


— Социалистік елдер космонавтарының біздің космонавтармен бірге ұшуында осындай мән бар екен ғой.


— Иә. Ғарышты бірігіп зерттеуді, бүкіл адамзаттың бақыты үшін еңбек етуді прогресшіл адамдар өздеріне парыз санайды. Сондықтан да социалистік елдер, сондай-ақ француз, үнді ғалымдары космосты одан әрі игеруде біздің совет ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.


— Әке, Байқоңырды — достық бесігі деп атауға әбден болады. Ол — Отанымыздың ұл-қыздарын ғана ғарышқа шығарып қоймай, туысқан социалистік елдердің тұңғыш космонавтарын да аялап аспанға ұшырды ғой.


— Дұрыс айтасың. Герман Демократиялық Республикасының, Чехословакияның, Венгрияның, Монғолияның, Польшаның, Болгарияның алыстағы азаттық аралы — Кубаның бұл күндері өз "Гагариндері" бар.


— Үндістанның космонавы Ракеш Шарманы қосыңыз. Өзі сондай алғыр. Бар болғаны екі-ақ жыл дайындалып, мынау даламыздан, Байқоңырдан, сонау ғарышқа көтерілді. Қандай еңбекқор адам! "Совет халқы мен үнді халқы жер шары адамының төрттен бірін құрайды. Совет халқы да, үнді халқы да бейбітшілік үшін күреседі. Жасыл планетамыздың тыныштығын армандайды. Соғыс өртін тұтандырмақшы болғандарға батыл қарсы шығады" — дегенін оқығанда мен Ракеш Шарманы сондай ұнатқам. Бейбітшілікті қорғайтындардың алдыңғы легінде космонавтардың жүргені қандай жақсы! Екі ұлы елдің асыл азаматтарын табыстырған Байқоңырдың аты ұрпақтан ұрпаққа кетті емес пе?..


"Байқоңыр" қонақүйінің балконынан қарап тұрмыз. Кенет Алмас бөлмеге кіріп кетіп, қойын дәптеріне әлденелерді жаза бастады.


Жұмысынан бөлгем жоқ. Кім білсін, "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер"—дейтін нақылдағыдай ұлым да өзінше толқып, қағазбен "жекпе-жекке" түсіп жатқан болар. Несі бар космонавт болам десе де, немесе жазушы болам десе де еркі өзінде. Аспанымыз ашық тұрғанда совет азаматының қай-қайсысы да қалаған мамандығын игеруге толық праволы.


Күн батып барады. Қиғаш сәулелердің көкжиекпен астасқан тұсында Байқоңыр космодромы бар. Сол тұстан кешкі аспанды жарқыратып тағы бір ракета ғарышқа самғап ұшар.


Алмас қасыма келді.


— Папа, осы номерде космонавт Береговойдың түнеп шыққанын білесіз бе?


Естіген жоқ едім. Естімесем де бас изедім. Баламның сол сәттегі алабұртқан жүзіндегі мақтаныш сезімін, жүрегімен шырмалған жауапкершілік жүгін түйсінген халін үзгім келмеді. Береговой жатқан бөлмеде ұлым түнеп шықса, Береговойлар шыққан ғарышқа ұлым, қазақ ұлдарының бірі ұшар күн де алыс болмас. Байқоңыр... ана — Байқоңыр ұланын төсінде аймалар, құшағына қысар.


Адамның мақсаты көп-ақ. Ол — дәулет, ол — даңқ, ол — шындық.


Бүгінде бізде сол мақсаттың бәрі де бар. Дәулетіміз шалқыған. Даңқымыз әлемге кетті. Шындығымыз — темірқазығымыз.


Дәулет— Балқаш пен Жезқазған мысында. Жәйрем мен Ақшатау полиметалында. Ақтоғай мен Шет аудандарының төрт түлік малында. Жаңаарқаның "Айнабұлақ" сынды тың совхозының астығында.


Даңқымыз Байқоңырда. Алғашқы жер серігінде. Гагарин бастаған космонавтар ерлігінде.


"...Қазір стартқа дейін санаулы-ақ минуттар қалды. Алыс жолға аттанарда адамдардың бір-біріне айтатын "Кездескенше" деген сөзін мен сендерге айтамын, қымбатты достарым. Таныстар мен бейтаныстарды, алыстағы һәм жақындағы баршаңызды құшақтап, кеудеме қысқым келетінін білсеңіздер ғой!


Қайтадан қауышқанша!"


Бұл сөздер — Юрий Алексеевичтің ұшар алдындағы магнитофонда жазылып қалған сөздері.


Өмірдегі ең бір ыстық ғанибет жаныңа жақын адамыңмен қайтадан қауышу болар.


Біз Гагаринмен үнемі іштей, көңілмен, жүрекпен кездесіп тұрамыз. Өйткені Гагарин —біздің, баршамыздың адал арымыз, мұқалмас жігеріміз, кір шалмас намысымыз.


Гагарин — Байқоңырда. Байқоңыр — қазақ даласында. Ендеше ол өлген жоқ, баршамызбен мәңгі бірге.


Байқоңырдағы старт алаңы.


Ол еңбек жеңісінің старты. Даңқ самғауының шыңы.


Старт алаңы — Роберт Рождественскийше айтсақ:


Жасыл төсін күз тонаған,
Жайып салып төбелерін.
Тосып алар ізгі алақан
Жұлдызға ұшқан кемелерін.
Сергіп әлем бай көңілмен,
Белін жазды кеп бүгілер!
Аты естілсе Байқоңырдың
Планета көкке үңілер.


Жезқазған Байқоңыры — селеу даланың ортасынан шын мәнінде космостан оралатын ұлдарына сенімді алақанын емірене ашқан алтын бесік. Бүгін ғана аты белгісіз совет азаматы Қызылордадағы Байқоңыр космодромынан көтеріліп, Жезқазғандағы Байқоңыр даласына қонған сәтте-ақ бүкіл әлемге аян болады.


Бұрын Қазақстанды шетелдіктер тұрсын, балам Ресей мемлекетінің тұрғындары жөнді білмейтін. "Қайсақ" деп те атаған бізді. "Қырғыз" деп те атаған бізді. Енді ше? Қазақстан даңқы жұмыр жердің түкпір-түкпіріне кең жайылды. Себебі бүгінгі Қазақстан — түгел старт алаңы. Ол тыңымен дүбірлеп тұр. Малымен шалқып тұр. Кенімен кемелденіп келеді. Бірақ бәрінен де бұрын адамымен, жасампаз халқымен құдіретті ол.


Жезқазған облысы — байтақ Отанның бір отауы. Бұл отаудың ошағында маздаған оттың жылуы халықтар достығын күшейтуде. Бұл отаудың жиһазы — ел игілігіне айналуда.


Сондықтан да облыс атынан бәр-бәріңізге бақытты өмір, баянды тыныштық, бейбіт тірлік тілеп, "хош келдіңіздер!" деген қонақжай тілекпен тамамдағым келеді Алмас екеуміздің осы сапар барысындағы әңгімемізді.


1983 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу