Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  67


Автор: Жібек Ысқақова

«ӨСЕК»- ДЕЙТІН ІНДЕТ БАР ЕЛДІ ҚҰРТАР...

«Өсек»- дейтін індет бар елді құртар,
Бауырмалдық, сыйластық, теңді құртар.
Өсекшілер заманы орнағандай,
Бір құмалақ — бір қарын майды құртар...
Менің жаным жаралы сезесің бе?
Жаралыны тағы да езесің бе?!
Түсінбеймін бұл заман адамдарын,
Құлай қалсаң жол берер кекесінге...
Құласаң сен кекетіп күліп тұрар,
Сөздерімен суға сап тұншықтырар.
Өсек десе жан берер жандар көп-ау,
Жығылғанға жұдырық қылып тұрар...
Енді бірі отқа май құйып қашар,
Бар өсегін жаудырып, өсек тосар.
Отыз екі тістен шыққан сөздері,
Отыз рулы елдің кеп бетін ашар.
Біреулерді күндейміз-ау сөз етіп,
Күнә екенін білмейміз-ау, біз не етіп.
Ал біреулер құласа аяқ асты,
Одан сайын тас атамыз біз жетіп.
Бауырмалдық қайда қалды, жоғалып,
Барамыз-ау сыйластықты жоғалтып.
Біреу келіп аузын ашса, даттаймыз,
Көңіліге қайғы-мұңды оралтып.
Алаңдаумен осылай қадам басқам,
Ертеңімді ойласам күйім қашқан.
Әрбір қазақ бір-бірін демеп жүрсе,
Болар еді-ау шіркін-ай ашық аспан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу