Өлеңдер ✍️

  25.09.2023
  226


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Амандасшы бауырым

Құмармыз ғой тырнауға жараңды ашып,


Күндестіктен көрші-жат, балаң-жасық.


Ақыретте аларың жарты кез шыт,


Не жетпейді, жүрсеңші амандасып!


 


Кезі жетсе досты да қия салдық,


Қия салдық, бір шетке жия салдық.


Ата-анаға, туысқа көңіл бөлмей,


Ұялының ішіне ұя салдық.


 


Жөнін айтқан жақынмен ұрысамыз,


Тарай ма осы, біз жайлы дұрыс аңыз.


Жатып түсіп, былыққа батып түсіп,


Желідегі бейнемен ұғысамыз.


«Эй» десе анаң беттен ап, шындығын да


Бөтендерге ұнауға тырысамыз.


 


Көше, жұмыс, барлар да, асхана да,


Үлкен-кіші, жастар да, жас бала да.


Қолындағы құралға телміріп тұр,


Мəңгүрт əлем сиқырлап тастаған ба?!


 


Мынау неткен, жат болған əлем десіп,


Келеміз ғой, тірлікті əрең кешіп.


Келші достым желісіз жерде тұрып,


Емен-жарқын алайық, сəлемдесіп!


 


Іздегенше өмірдің сауығын тек,


Қонақ боп кет, бас мүжі, жауырын жеп.


Анаңды ертіп, желісіз жақтарға бар,


 


 


Құмында ойна, алаңсыз ауылым деп.


Құшақтасып төс қағыс туысыңмен,


Арқадан қақ «аман ба ау, інім» деп.


Ұялыңды əзірге өшіре тұр,


Жиып ал да, санаңа тəуірін тек!


Ауызыңды толтырып амандасшы,


«Ассалаумағалайкум, бауырым» деп!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу