Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  56


Автор: Шөмішбай Сариев

Өмір жолы алда тұр

Өмір жолы алда тұр,
Машина жол – ол да тұр.
Темір жолмен жарысқан,
Жалғыз аяқ жол жатыр.
Өтер күнін өткізген,
Сырласпайды көп бізбен.
Жалғыз аяқ жолдар ғой,
Сол жолдарға жеткізген.
Жолымызды Алла оңғар,
Деп тілеумен қалған бар.
Жалғыз аяқ жолдардан,
Озып жатыр сан жолдар.
Бір Құдайым бек күшті,
Елестетіп тек құсты.
Жалғыз аяқ сол жолдан,
Сапар тартып көкке ұшты.
Қарсы алып мені құшақпен,
Поез да міндім «тұсап» мен,
Машина міндім жүйткіген,
Көкке де ұштым ұшақпен.
Ақын боп талай қол алдым,
Сан тұлпармен жол алдым
Жалғыз аяқ жолменен!
Мен ауылға оралдым!
Көтеріп биік еңсені,
Жолмен жүр, әкем, деуші еді.
Жалғыз аяқ жолдар-ай,
Сол үшін сүйем мен сені!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу