Өлеңдер ✍️

  05.09.2023
  51


Автор: Шөмішбай Сариев

Жылы сөзге шөлдедім..

Адамдардың шапағатына шөлдедім,
Хас сұлудың махаббатына шөлдедім.
Аптап жоқта аңқасы кепкен кеудемді,
Сенбесеңдер қақыратып ашып көр менің.
Кеудем толы сағымдар басқан шөл ғажап,
Сол бір шөлім бір басылмай болды азап.
Кең дала емес, теңізде жүріп шөлдедім,
Сенбесеңдер кеудемді көзбен көр, қазақ.
Суға емес, жылы сөзге шөлдедім,
Ұлағатты ұлы сөзге шөлдедім.
Шөлдеп тұрып, ғашық болдым мәңгілік,
Қос ішегін басып қалып перненің.
Бір басылмас шөлге баттым тереңнен,
Кеудем осы шөл гүліне бөленген.
Сапар кешіп жер-жаһанды аралап,
Жер бетінде шөлдеуменен келем мен!
Құлашымды толқын атып сермедім,
Таулы шыңның төзіміне шөлдедім.
Ертектегі қарақат көз, қиғаш қас,
Қолаң шаштың сезіміне шөлдедім.
Шөлдеуменен өтіп жатыр өмірім,
Қуаныштан көңілімнің көбі мұң.
Бір-ақ рет бұлақ көзі атқылар,
Мәңгі менің шөлде болар сенімім.
Тұлпар мінсе, қолы кетпес белбеуден,
Асау ағыс кеудемді осы кернеумен.
Кәусар бұлақ – дүниеден сені іздеп,
Мен білмеймін өтер ме екем шөлдеумен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу