Өлеңдер ✍️

  05.09.2023
  62


Автор: Шөмішбай Сариев

Ұлы Дала – Шөл даланың ұлымын

Ұлы Дала –
Шөл даланың ұлымын,
Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын.
Шөліркеген Шөл даланың көсемі –
Құмдары аман болса, мен де тірімін.
Ару Дала, арман дала, Шөл дала
Бұл жалғанда махаббатым сен ғана,
Жел ызыңдап қобызындай Қорқыттың,
Құмды кешіп жолға шықтым толғана.
Ұлы Дала – Шөл даланың ұлымын,
Құмдардың да көрдім мөлдір тұнығын.
Сол бір құмда аунап өскен еркелеп,
Бала кезгі еркелердің бірімін.
Ару Дала,
Арман дала,
Шөл дала
Ақ құм – сүттей бар қазаққа болды Ана
Аңқам кеуіп шөл басылмас жалғанда,
Ақшағыл құм – бар медетім сол ғана.
Ұлы Дала –
Шөл даланың ұлымын,
Сол бір далам аман болса, тірімін.
Шөл даламды мәңгі сүйген бұл жүрек,
Сол далада алар мәңгі тынымын.
Ару Дала,
Арман дала,
Шөл дала,
Құс қанатын талдыратын кең Дала
Шөл даланың сұлулығын, сымбатын,
Бір түсінсе, түсінетін мен ғана!
Шөл даламен бірге жасар жырымын,
Шөл далада қымбат бұлақ тұнығым.
Ойға шомған терең дана құмдары Ұлы Дала –
Шөл даланың ұлымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу