Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  96


Автор: Шөмішбай Сариев

Теңіз демі

Қаңқылдап құсың қонғандай
Тұра алмас айдын толғанбай.
Жібектей жаның желбірер
Теңізден соққан жел қандай!?
Тебірене толқып тербеген,
Толқыны өршіп, өрлеген.
Желбірер жаның — жапырақ,
Теңізден соққан желменен!
Табиғат, маған жанар бер,
Толқыннан туған табанды ел...
Көтерер патша — көңілді
Теңізден соққан самал жел.
Толқыннан толқын — күй табам,
Ән табам әсем шырқаған.
Теңізден соққан жел қандай,
Жаныңды жайлап сипаған.
Толқыннан асау, қуатты,
Күмбір де күмбір күй ақты.
Тербесем елді жаныммен,
Теңіздің желі сияқты.
Нақышын күйдің келтіріп,
Жартасқа соғып, серпіліп.
Оянды толқын жанымнан,
Теңізден соққан жел тұрып!
Жағалау көрмес тыныстап
Толқыны — шабыт, ырыс, бақ.
Теңізім, ескен желімен
Шашады жырын уыстап.
Қашанда болсын сені мен
Шағаласы ұшқан көгінен.
Толқыннан күміс жыр шашып,
Сүйемін теңіз демімен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу