Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  48


Автор: Шөмішбай Сариев

Кімнен кейін жанбаған көз арайың

Кімнен кейін жанбаған көз арайың,
Кімнен кейін қалмаған сөз ағайын,
Әр ғасыр сөйлетпей ме Махамбетін,
Әр ғасыр сөйлетпей ме өз Абайын?
Жасыннан жасын түспес жасын ба екен?
Асылдан асыл тумас асыл ма екен?
Өзінің Махамбеті, өз Абайы
Болмаған Ғасырың да ғасыр ма екен?!
Ақын көптік етпейді кең далама,
Бүгін де арт үмітті, сен балаңа!
Көтермес Махамбетін найзадайын,
Абайын Абай демес ел бола ма?!
Күмбірлетер көкірек сарайын да,
Туады жұлдыздарың, жаңа айың да,
Өз ортаңда жүр бүгін Махамбетің,
Өз ортаңда жүр бүгін Абайың да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу