Өлеңдер ✍️

  28.08.2023
  246


Автор: Шөмішбай Сариев

Ақын достар

Адалдық, ар-ожданға үлгісіңдер,
Ғажайып, ұқсамайтын түрлісіңдер.
Сендерді сағынамын ақын достар
Шартарап ой ізінде жүрмісіңдер?!
Ой деген батырады қанша мұңға?!
Сендерге жыр арнадым аңсадым да.
Сол бір із, сол бір жолда сапар шегіп,
Қамығып, қажыдың ба, шаршадың ба?
Сапарлас ақындарым санаттағым
Қауырсыны ғажайып қанаттарым.
Аялдап, отырсың ба, тұр ма екенсің,
Әлде осы адымыңды тағы аттадың.
Күн ауып еңкейгендей мұңсың батқан
Сенің кеудең ғажайып тылсым жатқан.
Ел деген, Елім деген жүрегінде,
Бір әсем жырлар толқып дүрсіл қаққан.
Әр сөзің бағаланар алтынменен,
Сен ақынсың осы бір қалпыңменен.
Бұзып- жарып кетердей жүрегіңді,
Қаныңның әр тамшысы халқым деген.
Ақынсың ба, ел деп тартқан азабың көп
Сен жүрсің ойдың кенін қазамын деп.
Сен ортақ баласысың Алты Алаштың
Тұңғиық жанарың тұр қазағым деп!
Бір-бірін кемелердей жүзген жанап,
Сарғайған, мәуеленген күзге балап.
Сендерді сағынамын ақын достар,
Сол тұсқа бағыт алған ізге қарап...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу