24.07.2023
  162


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ҰЙЫҚТАР АЛДЫНДА

 


 


       – Аякөз! Ұйықтайтын уақыт болды, қызым! – деп, әжесі айқайлап еді:


       – Әлі ойнай тұрайыншы, – деді кішкене қыз еркелеп. Дала қараңғы. Аспанда күміс жұлдыздар жылтырайды. Ауыл үстіне тыныштық орнапты. Әжесі жетектеп алды.


– Қарашы, сиыр да, қой да, ешкі де тынығып жатыр. Секіріп, дамыл көрмейтін ақ лағыңды көрдің бе, енесінің жып-жылы бауырына тығылып алыпты. Тауықтар да көздерін тас жұмып ұйқыға кеткен.


Атақаз мойнын созып, қатты қаңқылдап жіберді.


       – Әже, қаз неге ашуланды? – деді Аякөз қорқып кетіп.


       – Тыныштығымды бұздыңдар, ұйықтайтын уақыт болды, – деп ұрысып жатыр.


Бірақ Аякөздің ұйқысы келмеді. Көргендерінің бәрі көз алдынан өтті. Оймақтай аузын тез-тез қозғап, ақ лақ күйіс қайырады.            Сағаттың тықылы тынбайды. «Ақ лақ қалай ұзақ күйсейді» деп таңданған Аякөздің көзі жұмыла берді.


Ертемен оянғанда, мал өріске кетіпті. Тауықтар да, қаздар да жайылып жүр. Атақаз қоқилана қарайды. Аякөз тамақтанған соң анасымен бақшаға қарай жүгіріп бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу