Өлеңдер ✍️

  09.07.2023
  42


Автор: Серікбай Оспанов

Айналғанда теңізге мен...

Айналғанда теңізге мен,


Сен толқыным боласың.


Аптаптарда


Мен іздеген


Самал болып соғасың.


 


Мен шөл болып шарқ ұрғанда,


Ақ жауынсың, жауасың.


Жүрегім сәл алқынғанда,


Өзің жұпар ауасың.


 


Домбыра боп күмбірлесем,


Өзің әркез күй-әні.


Жан жарыңның бүгін де сен


Жақсы өлеңі –


Қиялы.


 


Махаббатқа шөлдегенде,


Сусын болып сен келдің.


Қырға, тауға өрлегенде,


Тілегіңмен дем бердің.


 


Асылымсың,


Ардағымсың,


Құлазысам – ақылсың.


Бақытымсың,


Арманымсың,


Демеп келе жатырсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу