Өлеңдер ✍️

  07.07.2023
  94


Автор: Серікбай Оспанов

Сабырлысың, саялысың, саспайсың...

Сабырлысың, саялысың, саспайсың,


Әңгімені әріден кіл бастайсың.


Екпін беріп ескеретін сөздерге,


Қара қасты бір көтеріп тастайсың.


 


Қарайтының бар кейде бір еркелеп,


Сені дауға қозғау үшін сел керек!


Қара қасың көтеріліп, басылған,


Келе жатыр мені де алға жетелеп.


 


Әрбір күнді қайталанбас той деші,


Шаршатпасын екеумізді ой деші.


Қарсы алдында отырайын, қалқам-ай,


Қара қасты көтеріп бір сөйлеші.


 


Байқамайын басқа ешбір жанды мен,


Сенің сөзің болсын сусын, бал кілең.


Қара қасың көтеріліп, басылып,


Таусылмасын жаным сүйген әңгімең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу