Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  40


Автор: Серікбай Оспанов

Санаулы күнде алаулап өту үшін де...

Санаулы күнде алаулап өту үшін де,


Қимылдап жүрмін бойдағы барлық күшімде.


Бір өлең тумай булығып жүрген кезімде


Қабағы қарыс қатулы жан деп түсінбе.


 


Жамай алмадым көңілімді мына мың құрақ,


Таба алмай көзін кеудемде қанша жүр бұлақ.


Өмірдің кейбір өкініштерін өшірдім,


Өзімді өзім өрге сүйрелеп, ұрғылап.


 


Көргем жоқ әлі осы да маған жетер деп,


Адам атым тек адал ісіммен өтелмек.


Алғы күндерге аптығып келем жетуге,


Қалмаңдар ойлап тойымсыз бір жан екен деп.


 


Қуанышым бар,


Сүйініш бар,


Арман бар,


Баламын кейде,


Баладай көріп алдаңдар.


Жақсы өлең туса жадырап сала беремін,


Ұшқалақ жан деп ұшқары ойлап қалмаңдар.


 


Балаға тән бір базарым бар,


Пәктік бар,


Алға сүйрейтін жүрегімде бір аптық бар.


Тосқауылдардан тайсалмай өтіп, жетемін,


Тосыңдар мені,


Тосыңдар мені, шаттықтар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу