Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  38


Автор: Серікбай Оспанов

Арман

Әкеме әсте көргенім жоқ еркелеп,


Жас қалыппын...


Қайтыс бопты ертерек...


Ақ анашым қанатымнан жебесе,


Келе жатыр  арман алға жетелеп.


 


Арман-әкем жанарыма әкелді от,


Армандасам жат адам жоқ, жат ел жоқ.


Асықтырып,


Ғашық қылып әлемге,


Қашан да арман келе жатыр әкем боп.


 


Ғұмыр арман,


Тұғыр арман,


Бәрі арман...


Өмір өзі армандардан жаралған.


Бізді небір биіктерге көтеріп,


Аппақ, аппақ атып жатыр таң алдан.


 


Қандай жақсы, арман деген неткен көп,


Әрбір күнім ақ армансыз өткен жоқ.


Армандарым – алғы жарқын күндерім,


Келіп жатыр күз боп, жаз боп, көктем боп...


 


Ақ арманым –


Қонар бағым, келе бер,


Алға баста, саған қазір сенеді ел.


Таусылғаны бар қызығы күнімнің,


Армандамай қалар болсам мен егер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу