Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  44


Автор: Серікбай Оспанов

Әуезді нұрлы шақта, жырлы шақта...

Әуезді нұрлы шақта, жырлы шақта


Жүректе тұру қиын сырды сақтап.


Ақ қардан көк белдерді аршып алып,


Ақ шуақ көктем келді гүл құшақтап.


 


Жанардың жарқыл қосып жарқылына,


Ауылдың бояу жағып әр қырына,


Аққудың көктем келді үніне еріп,


Қаздардың қаңқыл қосып қаңқылына.


 


Сұңқардың қуат беріп саңқылына,


Тұлпардың қарқын қосып қарқынына,


От сыйлап кеудесіне жігіттердің,


Қыздардың сәуле ойнатып балтырына.


 


Келеді кез келгенге сыр ақтарғың,


Серігі болып алтын шуақ таңның.


Күнді де көктем келді елжіретіп,


Қатырып шек-сілесін бұлақтардың.


 


Келтіріп домбыраның ол бұрауын,


Иітіп Жер – Ананың омырауын,


Көкпеңбек көктем келді көк исімен,


Соқтырып әр бұтаға қоңырауын.


 


Бар шуақ, барлық бақыт далада тұр,


Әлсіреп сезім-селден қалады ақыл.


Құлпырған дүниені-ай,                   


Жанарымды


Сұлулық алып қашып бара жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу