Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  54


Автор: Серікбай Оспанов

Бас сүйек...

Бас сүйек.


Көздің орны толған құмға,


Көрдім де, көріп соны толғандым да,


Егіліп іштей оған сұрақ қойдым:


«Неге өлдің?!


Намысыңды қорғадың ба?!


 


Жүйріктің, сұлулардың, жорғаның да


Көбірек өзгелерден соры алдында!


Жігіт пе ең, қыз ба едің, әлде қарт па ең,


Сүйдің бе,


Сүйікті елге бола алдың ба?!


 


Қуылған жауларының өсегімен,


Бір елдің көсемі ме ең, шешені ме ең?


Әлде сен қаңғыбас пе ең зәбір көріп,


Жеріген қатын, бала, төсегінен?


 


Әлде сен ақынбысың тірегі – арман,


Тілімен басқа пәле тілеп алған?


Құл ма едің ханшайыммен жақындасқан,


Ханзада емеспісің күңге барған?!


 


Аң қуып келген бізге қоңсымысың?


Өлтірген құлан теуіп Жошымысың?


Күнәһар Қодарсың ба, Жантықсың ба,


Мерт болған әлде ермісің досың үшін?»


 


Қу бастың белгілі ғой тіл қатпасы,


Көзінде үңірейген сыр жатпасы.


Бір елдің батыры ма қорған болған,


Біреудің болды ма әлде қылжақпасы?!


 


Қабір ғой, Жер-Ана ғой мәңгі мекен,


Бетіне неге шығып қалдың екен?


Кол жұмсап өзіңе-өзің... көмбеді ме ел,


Көріңнен біреу қазып алды ма екен?


 


Далада қалған мынау бас сүйекке,


Кездессе, дір етер-ау тас жүрек те!


Пенде боп жаралған соң кім бар дейсіз


Өмірде ұшырамас қасіретке.


 


Санада қуғын-сүргін, аштық әлі,


Дей алман көмілмеген бас кінәлі.


Қарттар кеп қайта көмді құран оқып,


Ерніме тамды жасым ащы дәмі.


 


Кейде өмір масайратып мас қылады,


Кей-кейде тамағыңда тас тұрады.


- Жоқ, - деп - баста кінә! – қанша айтсам да,


-Бәріне – дейді қарттар бас кінәлі!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу