Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  112


Автор: Серікбай Оспанов

Адаммын, Адам ісіне алаңдаймын...

Адаммын, Адам ісіне алаңдаймын,


Батады, туысқаным, маған қайғың.


Тигенін көремін де Шындыққа оқтың,


Кейде орын Жер бетінен таба алмаймын.


 


«Қорқаулар, – деп, ертең-ақ қалады ұлып»,


Жүріп ек тәй-тәй басып, жаңа күліп,


Жазалау жазықсызды, аштық, соғыс... –


Дүние болып кетті алакүлік.


 


Маза жоқ сағат сайын құлақтарға,


Көбейді жылатқан да, жұбатқан да...


Ағайын бір-бірімен жауласады,


Маңайым толып кетті сұрақтарға.


 


Жетпейді, саусағыңды сана бүгіп,


Шығады күн-күн сайын жаңа бүлік.


Сан жылдар арнасынан аса алмай бір


Теңіздей толқып жатқан жағаны ұрып.


 


Өссін деп жалтақтамай өркен гүлдеп,


Артты ғой жаңа шыққан көктем міндет.


Бүгінім неге қару кезенеді,


Өткенді кінәлап ек өткен күн деп?!


 


Бақытын әкелмеген көктем – құсың,


Шынымен Ел ме екенсің кеткен күшің!


Тоямыз көп нүктеге қай күні енді,


Қоямыз қашан «Біз!» деп леп белгісін?!


 


Демеймін адамзаттың арлысымын,


Көрем де туған жердің таңғы шығын,


Жүдеймін сондай бола алдық па деп,


Тілеймін мөлдірлігін әр кісінің!


 


Көрем де Алатаудың қарлы шыңын,


Кетеді көтеріліп қан қысымым:


Жүдеймін қырға шыға алдық па деп,


Тілеймін биіктігін әр кісінің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу