Эсселер ✍️

  06.06.2023
  252


Автор: Әкелер күні

Менің Әкем жақсы адам

«Әке» деген ұлы есім — деп қазағым Әке деген сөзді ұлылыққа балайтын болған. Ия расында да қарап отырсақ Әкесі барлар ерекшеле құлпырып жүреді. Өйткені олардың қолдаушысы, жамандықтан қорғаушысы Әкелері бар. Кей кездері байқаусызда Әкелеріне дөрекілік танытып жатқан, немесе Әкелерін керек етпей қарттар үйіне өткізіп жатқандар қаншама десеңізші. Кейде ойланып қоямын, біз осы «Әке» деген ұлы сөзді бір бағасы төмен сөздермен, анайы сөздермен алмастырып алмадық па деп?! Отбасында Әкелердің мәртебесі әрқашанда биік тұруы керек. Әкелердің отбасым, жанұям деп жасап жатқан игі істерін жоғары бағалауымыз керек. Әкелердің отбасының алдында, елдің алдында жасап жатқан қызметтерін ауызбен айтып жеткізе алмаспыз. Әкелерді неге Асқар тауға теңейміз, осы сөздің өзі Әкелердің қаншама биік тұратынын аңғаруға болады.
Ия, менің Әкем жақсы адам, нақтырақ айтсам жақсы адам болған. Неге өткен шақта сөйлеп тұрмын, өйткені менің Әкем өмірден ерте өткен. Оның көзқарасының өзі бізге үн қатардай еді. Не айтқысы келетінін бір-ақ сәтте түсініп, берген тірбиесіне құлақ асып, әкеміздің айтқанын екі етпей орындай білдік. Екі рет сөйлемейтін, бір айтқан сөзі біз үшін заң болатын тәрбиені көріп өскен біздер қазір жаман болып жатқан жоқпыз ғой, солай емес пе?!
Бір айтқан сөзде тұру, екі сөйлемеу, өзгеге тіл тигізбеу, барынша кішіпейіл болуды үйреткен әкешім расында да жақсы адам болатын. Басқаға қол ұшын беруді жақсы көретін, қолынан келген көмегін беруден жалықпайтын Әкешім өмірден ерте кеткенімен әлі де маған қарап тұратындай көрінеді. Оның бізге берген тәрбиесі әлі күнге дейін жадымызда сайрап тұр. Жолымыздан сәл қисайып кетер болсақ Әкеміз қарап тұрғандай, дұрыс жасалмаған іс болса оны қайтадан дұрыстап, игі істер жасауға асығып тұрамыз. Бұл да болса Әкеміздің балаларына берілген тәлім-:тәрбие дер едім. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды деген мақал менің айтып жатқан сөзімнің дәлелі десем қате айтпағаным болар.
Отбасының ұйытқысы болып, оттай болып жалындаған шағында өмірден бір-ақ сәтте өтіп кеткен Әкем жайлы ойласам ет жүрегім елжіреп, көздеріме жас тығылып тұрып қаламын.
Өзіңдей қамқор Әке қайда маған деп — өткен күннің еншісіне еніп кеткен Әкем жайлы енді тек естеліктеріне қарап, сағына еске алатын боламыз. Ияя, Әкесі бар адамдар! Сіздер бақыттысыздар. Әкелеріңізді қалай жақсы көретініңізды айтып, оларды қуантуды ұмытпаңыздар! Әкелердің қадірін олар тірі кезде біліп, түсінгенге не жетсін.
Міне, бүгінгі күндері елімізде «Әкелер күні» аталып өтілгелі отыр. Яғни, маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін бұл Әкелер күні өз Әкелеріңізге рахмет айтып, алғыс білдірудің ең қолайлы сәті деп білемін. Әкелер күнінде Әкеңізге жақсы сөздеріңізді айтып, қалай жақсы көретіндеріңізді жеткізсеңіздер нұр үстіне нұр дер едім. Өйткені Әкеңізге деген жақсы көру сезімдеріңізді жеткізуге сіздердің мүмкіндіктеріңіз зор.
Менің Әкем ана өмірге кетсе де оған деген сағынышымды, оған деген құрметімді жеткізгім келеді.
— Әке, Әкешім! Сіз өте жақсы адамсыз. Сізді жақсы көреміз, сізді ешқашанда ұмытпаймыз! — дей келе, Барша Әкелерді маусым айының үшінші демалысында келетін Әкелер күнімен құттықтаймын! Асқар таудай, нар тұлғалы Әкелер аман болыңыздар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу