Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  137


Автор: Бақберген Рахым

Сүйегіме бу енеді сені ойласам, ажарлым

Сүйегіме бу енеді сені ойласам, ажарлым,
Сірә осылай сені ойлап-ақ өз-өзімді қажармын.
Құдайым да мені әдейі жолықтырған шығар-ау,
Мен болмасам, өзің жайлы өлең етіп жазар кім?

Сенің күлкің – күн күлкісі, жарық еткен әлемді,
Бүткіл әлем сенен алар барлық шипа, бар емді.
Сенің нұрың жұмыр жерге шашар әр кез шуағын
Әлемдегі адамдарда қандай арман бар енді?!

Сенің шашың қара түнгі жұлдыздардың сәулесі,
Тырнағыңа тати қоймас аспан мен жер дәулеті.
Сенің ғажап сымбатыңа шақ келмейді, сымбаттым,
Әлемдегі ең керемет мүсіншінің сәулеті.

Сенің көзің тұңғиығы мөлдір сулы Байкалдың,
Тереңінде жатқан сырды тек мен ғана байқармын.
Шуақ шашқан сол көзіңді көрген кезде, ардақтым,
Ұмыт болар көңілдегі айтар қайғы, айтар мұң.

Әр кірпігің бір-бір алтын, бұрын ешкім таппаған,
Әрбір тісің бір-бір маржан, су түбінде сақтаған.
Сенің ернің еттен емес, қаннан да емес құрамы,
Ғаламдағы ең тәтті зат бұрын ешкім татпаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу