18.05.2023
  796


Автор: Әсерлі әңгімелер

Қос тағдыр - 1 бөлім

Мемлекеттік гранттың енді ғана бөлініп жатқан кезі, ауылда "пәленшенің қызы немесе ұлы грант иегері болыпты"-дегенді естіп бүкіл ауыл қуанатын еді. Мінеки бүгін де бір ауылдың, бір сыныптың қос қызы, жақын құрбылар екеуі де грант иегері атанып, арман қуып ауылын қимай ару қала Алматыға жол тартты. Таныс тамыры жоқ, еш бір туысы жоқ үлкен қалаға қыздарын жіберіп, әке-шеше, ата- әже жандарын шүберекке түйіп, сары уайымға салынып қалды. Ұлжалғас пен Гүлдана екеуі бала кезден бірге өскен, қылықтары, мінездері бірдей құрбылар. Не істесе де бірге келісіп, істейтін жандар.
Әке шеше туған туыс бәрі жиналып, бар тыққан, сақтаған, сүрлегендерін беріп жіберген болатын. Ертерек келіп жатақханаға орналасып, қалталарындағы аздаған ақшаға қаланы қызықтап, көрікті жерлерін тамашаламаққа шықты. Әне міне дегенше оқу жылы басталып кетті.
Ауылдан келген аңқау, адал нәзік жанды екеуі, ашық -шашық киінген қыздарды көріп ұялыңқырап, өздерінің үстілеріне бір көз жүгіртті.
Күн батса, қоршаудан аттап шықпайтын, үлкеннің алдын кеспейтін, ары үшін жанын садаға ететін бекем тәрбие алған, ағаның ашуынан, әкенің қаһарынар қорқатын бұл аруларға жеңсіз, қысқа етек киім көздеріне оттай басыла түсті.Көктемгі алау гүлдердей алаулаған қыздардың топ ортасында келе жатқан аққұба өңді қос бойжеткенге көптің назары ауа түсті. Ұқыпты өрілген шаштары, етегі тобықтан асар-аспас кең көйлек киюі олардың ауылдық екенін аңғартып тұрғандай. Оларға қарап, кей біреулер табиғи боямасыз жүздеріне тамсанса, біреулер саусағын шошайтып кемсітіп әлек. Жұрттың көз қарасынан, аяғына тұсау салынған арғымақтай екеуі қинала әрең қадам басып жатақханаға кіріп кетті.

















Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу