Өлеңдер ✍️

  18.05.2023
  84


Автор: Сара Тастанбекқызы

Бекіндім

«У да-шу шақырысқан таңғы тауық,
Көп болды түн ортасы кеткелі ауып.
Күсембай, Павел қартпен үшеуіміз,
Сырластық түні бойы есік жауып.
...Түн бойы Павел аға берген ақыл,
Барады бойға сіңіп тақыл-тақыл.
Өмірдің үміт күнін елестетіп,
Жас жанды ұмтылтқандай апыл-тапыл.
Соңында: «Енді өздерің ақылдас» деп,
Қарт кетті бөлмесіне ұйқысы кеп.
Оңаша отырысып қалдық бірге,
Талпына таңды күткен екі жүрек.
Үнсізбіз екеуміз де, байланған тіл,
«Мен сендік, – дегендей-ақ, – енді өзің біл!»
Көңіл мас, тілге артық сөз оралмай,
Шерткендей үнсіз тілмен жүректер сыр.
Жабырқап қалған көңіл жалын шалып,
Тұрмыстың түрткісінен тотық алып.
Жайдары сабасына келгендей боп
Жылылық тұла бойға жатыр дарып.
Айнымас айтылды ант, берілді серт!
Ыдырап кеткендей бар кеудеден дерт!
«Сақталсын құпиямыз сырт көздерден,
Әйтпесе боп қалармыз дұшпаннан мерт!».
– Саражан, енді осыған белді бекіт,
Қосылсақ тірі жүріп сертке жетіп.
Татымай бір күнгіге ұмытылар,
Бұл күнгі тұрмыстағы кем мен кетік.
Жан қалқам, жасымасқа белді байла,
Айтарсың ағайынға ақыл-айла.
Бірер жыл хат қарасын таныған соң,
Жүрмеспін мен де бекер бұл маңайда!
– Бекіндім, жолың болсын, Күсен жаным,
Болашақ сен деп күтем атар таңым.
Қақтыққан қарақұсқа ілдірмеудің,
Қамдарсың қайда жүрсең, қалқам қамын.
Осындай сертке келіп қос жарлы жас,
Күреспен болашақта қосуға бас,
Қол беріп, қош айтқандай Павел аға:
«Жүрейік, – деді, – Коля, қақпаны аш!»
Көк арба ямщик жеккен тауды беттеп,
Ақсудан малшып өтіп барады ептеп.
Артынан ере тысқа шыққан басым,
Жөнімді ұмытыппын қайта кетпек.
Жағалай Жаркөз деген жардың басын
Сорлыға түсірді алғаш күн шұғыласын.
Ерте ескен таудың таңғы самалымен
Желбіреп тұра бердім жібек шашым.
Көрінбей өскен сорлы күйелеш боп,
Секілді ем көз тартарлық көрігім жоқ.
Енді мен жар басына жайнай шыққан,
Нұр шашқан секілдендім гүл қызыл шоқ.
Сол күні домбырамды тарта бұрап,
Анамнан алдамалап рұқсат сұрап.
Бекетте бір кеш бойы өлең айттым,
Бозбала, қыз-келіншек басын құрап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу