06.05.2023
  292


Автор: Сиқырлы SMM

Онлайн өмір – шынайы өмірдің айнасы

 


Әлеуметтік желідегі онлайн өмір де шынайы тіршіліктегі ғұмыр сияқты. Өмірде әркімнің айтатын әңгімесі болатыны секілді онлайнда да бәрінің жазатын дүниесі бар. Мысалы, біреулер футбол туралы, кейбіреулер саясат жайлы айтқанды жақсы көреді. Желіде де әркім өзінің білімі мен өресі жеткен дүниені жазады. Жазары жоқ адамның өзі көрген-білгенін, естігенін жазып отырады. Жазатын тың идея табылмаса, ауа райы, қар мен жаңбыр туралы жазба жариялайсыз. Бұл да өмірдегі таксиге отырған сәтке ұқсас. Ұзақ жолды жақындату үшін, әуелі, такси жүргізушісі немесе жолаушы “Бүгін күн жылы”, “Ауа райы күрт суып кетті ғой”,- деп жеңіл әңгімемен диалогты бастайды. Әлеуметтік желіде кездесетін терминдерге мен, профессор Албус Дамблдор, мынадай анықтамалар бердім:  • Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерде пост жазамыз (ағылшынша “post” – қазақша “жазба”). Жазба деген – өмірде айтатын әңгімеміз сияқты. 



  • Сол әңгімеге көптің ішінен біреу қосылды дейік, онлайнда оны жазбаға коммент қалдырды немесе пікір жазды дейді (ағылшынша “comment” – қазақша “пікір”).


  • Әңгімеңізді біреу тыңдайды, айтып жатқан әңгімеңізге қосыламын деген ишара ретінде басын изейді немесе көз алмай қарап отырады. Мұны әлеуметтік желіде лайк деп атайды (ағылшынша “like” – қазақша “ұнату”, “лүпіл”).



Instagram-да лайкты жүрек түрінде жасаған. Кез келген қолданушының фотосын не видеосын ұнатасыз, яғни жүрек басасыз, я болмаса назар аудармайсыз, яғни жүрек қоймай өтіп кетесіз. Ал, Facebook-та лайк бұрын біреу болатын. Қазір қолданушыларға қызық болсын, бар эмоциясын шығарсын деп алты түрлі реакция жасаған. Лүпіл, жақсы көру, сүю, күлу, таңдану, ренжу, ашулану.  
 


Досыңыздың әңгімесі, айтып жүрген дүниесі сізге қатты ұнаса, қызық әрі пайдалы болса, сіз басқа достарыңызды, таныстарыңызды сол әңгімеге тарту мақсатында шақырасыз. Мұндай процесті әлеуметтік желіде share (Facebook-та), repost (Instagram-да) деп атайды (ағылшынша “share”, “repost” – қазақша “бөлісу”). 


Көріп тұрғаныңыздай, онлайн өмірдің біз өмір сүретін әлемнен қатты ерекшелігі жоқ екен. Өмірде қандай белсенді, елгезек, жақсы болсақ, әлеуметтік желілерде де дәл сондай шынайы болған дұрыс. Онлайн өмір екіжүзділікті кешірмейді.  




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу