Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  105


Автор: Жалаладдин Руми

ҰСТЫН ТУРАЛЫ ХИКАЯ

(Мәулана Румидің ізімен)
Хақ расулы Мұхаммед Мәдинаға барғанда,
Барлық әнсар* жүрегін сары алтынға малғанда;
Пәруанадай кимелеп, үймелеген шамдалға,
Ұстын тіреп шаңыраққа Расул үйін салғанда;
Уағыз айтып халқына, тілден мың сан күй өніп,
Сол ұстынға Пайғамбар тұратын-ды сүйеніп.
Жәрдем қылып әнсарлар, мінбар жасап кейіннен,
Шықты соған Пайғамбар насихат қып бейілмен.
Пайғамбардан ажырап, қалғанына шегініп,
Ұстын ағаш жылайтын адам құсап егіліп.
Уағыз тыңдап жылаған ағаш жайын аңғарып:
«Бұл қалай!» – деп сұрасты сахабалар таңғалып.
Түсті сонда ағашқа Пайғамбардың шырағы:
«Неге жылап тұрсың сен, ей, ұстын?» – деп сұрады.
«Іші-бауырым қан болды Сіз кеткелі жанымнан,
Күл болатын түрім бар жанды өртеген жалыннан!
Сізге ғана зарланғам, ей, Жаһанның Жан-Нұры,
Сізге ғана жалғанған барша ғалам тағдыры.
Тұрушы еңіз сүйеніп мен сияқты мұндарға,
Мені тастап кеттіңіз, шықтыңыз да мінбарға».
Айтты сонда Расул:
«Шықтың шындық шыңына,
Бақыт жолдас болыпты шын құпия сырыңа!

 Ей, Бақыттың Иесі!
Болсын сенің тілегің,
Екі жол тұр алдыңда – таңда, кәне, біреуін.
Бірі – фәни-дүниеде жасыл желек жамылып,
Бар тіршілік жетеді жемісіңді сағынып.
Екіншісі: жәннәтта – дәмің тілді үйіріп,
Дарақ болып тұрасың бұтақтарың иіліп».
Ұстын сонда зар етті мас қып шаттық шарабы:
«Болайын, – деп, – мәңгілік ақыреттің дарағы!»
Ғафыл қалма, біл, таны, ей, адамның ұрпағы,
Кемсің бе осы ағаштан, айналаңнан Сыр таны?!
Бақи үшін көрдің ғой, фәни-бақты қиғанын,
Ұқ та өзің салмақта Жаратқанның сыйларын.
Жансыз ағаш зарлайды, көрсем деп Хақ Дидарын,
Халифасы Құдайдың, қайда сенің иманың!?
Былғанба енді нәжіске, безін дүниеқоңыздан,
Іздемесек Құдайды: неміз – адам, неміз – жан?!
Ғибрат ал – шындықтан,
ғибрат ал – аңыздан,
Зікір ету Алланы – ғаламдағы ең ізгі ән...
Содан кейін Пайғамбар ұстынды алып пәк сырлы,
Арулады ақ жуып, жер қойынына тапсырды.
Жерледі оны адамша,
сырын соқыр таныр ма? –
Тұру үшін тіріліп – қияметтің таңында!
Бұрып егер назарын, жарылқарда кімді Алла! –
Дүниенің кірімен әсте сені былғар ма?
 Ақыреттің ләззаты – енші саған, ұқ мұны,
Хаққа жетсең, –
дүниенің бола алмайсың тұтқыны!
Байлық іздеп ұлыған – құтқар дүние құлынан,
Үлес алу хас бақыт – Ұлық Алла сырынан!
Жүрек көзі көрсоқыр жайы мәлім міскіннің,
Ертегі деп ойлайды – жылағанын ұстынның.
Ал кейбіреу көлгірсір сенген болып, сезген боп,
Айтпасын деп өзін жұрт:
«Бұл – Құдайдан безген!» – деп.
Сансыз шүкір – Аллаға, шынымды айтсам, – өз басым:
Шырақ қылдым жолыма – ұстындардың көз жасын!


-----------------------
Әнсар* – жәрдемші.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу