Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  62


Автор: Жалаладдин Руми

ТЫҢДА, ҚАЙДАН...

Не дер екен тылсым сөз,
тыңда, қайдан естілді? –
Ажырасу сыздатқан өртті жүрек ес білді:
Тыңдар жылап әйел де һәм олардың ерлері,
Ажыратып батпақтан ал тезірек дер мені.
Көкіректі көзбе-көз айрылысу тілсін бір,
Менен сол күн естілер сағынышты тылсым жыр.
Көрсін әркім өзінің тамырынан алшақтап,
Сол асылы* бір күні өзін шексіз аңсатпақ.
Достар бірде жолдасқа,
кейде айналар дұшпанға,
Бәріне үні естілер жүректі зар қысқанда.
Шын сырымды таныса таныс емес басқа жан,
Әрбір адам, заңында, болар еді дос маған.
Аһ ұрады сырларым, көкіректі жарғылап,
Әр көз оны елемес, ұқпас оны әр құлақ.
Сақтай алмас бір-бірін жан менен тән – өтпек құр,
Жанды көру үшін сен, ізін оның жоқ деп біл!
Ол – жалынның үні-дүр, оның даусы жел емес,
Кім алауын тұтатса, дауыл ұрса сөне ме еш!
Махаббаттан жыласаң, ол – жемісі дарақтың,
Махаббаттан сарқырар дариясы шараптың.
Жыртар нәпсі пердесін ол бір оттан жанып іш,
Дос етеді әркімді – Досқа деген сағыныш.
Жылап дұға қылсаңыз, жүрегіңде еш қақ тұрмас,
Зікір, пікір, шүкір-дүр жан жолдасың таптырмас.
Түсіндірер не екенін Мәжнүннің ғашығы,
Ғашық-жолдан бір хабар беру оның асылы.

 Сөз сатса тіл – алушы болар еді тек құлақ,
Ең жақының – сау ақыл,
қу ақылды қаттырақ!
Дертіміздің емі жоқ, шетсіз-шексіз сүргін күн,
Әрбір жану – жолдасы бола алса ғой бір күннің.
Өтті күн деп ендеше, сен де бекер қайғы етпе,
Жетесің сен тазарсаң – шыққандай пәк Ай көкке.
Балық қанбас суыңа – қанды кешіп бар болсаң,
Ырзығыңды жеткізер – кеудеңдегі жанған шам.
Надан ұқпас бұл сөзді, түсінеді есті адам,
Қажет емес басқа сөз, керек жалғыз:
УӘССӘЛАМ!




 Асыл* (усул) – тамыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу