Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  93


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

УА, ДАРИҒ, ТҮСТІ БАСҚА ҒАРІПТІК КЕП

Уа, дариғ, түсті басқа ғаріптік кеп,
Бел байлап кезбелікті қылдым мән-а.
Хорасан, Шам, Ғираққа бағыт тіктеп,
Қадірін ғаріптіктің білдім мән-а.
Көрмек шарт не келсе де бір Алладан,
Жүсіп те Кеңғанында тұра алмаған.
Мүбәрак Түркістаннан – тұран-далам,
Бауырыма тасын ұрып келдім мән-а.
Бұл ғұрбат* Мұстапаның жолы еді ашқан,
Сахаба отыз үш мың сара басқан.
Мұртаза, Әбубәкір, Омар, Оспан
Жүрген жол, соңдарынан ердім мән-а.
Бұл жолда қуат бітіп шала жанға,
Шикілер айналады даналарға.
Ас, киім уайым емес сара жолда,
Сол үшін Түркістанға ендім мән-а.
Ғаріптік жүз жыл езсе, аһ ұрып тұрсам,
Тақ, бақыт бағы – зындан, сақылық құрсам.
Құл болды ол ғаріптікте Махмұд Сұлтан,
Жарандар, осы жолда күйдім мән-а.
Ғаріп ем, Арыстан бабам жетті ізімнен,
Перделеп, сыр таныды бет-жүзімнен.
«Көрдім, – деп, – бихамдилла», – өпті ізімнен,
Қайран боп осы сырға тұрдым мән-а.
Арзулық бөлейді елді гүл-шаһарға,
Бағында ұлық баба тұр сахарда.
Бабамның рухы салды бұл сапарға,
Өзіңе шексіз тағзым қылдым мән-а.
Жеткіздің, Құл Қожа Ахмет, Хақтың жадын,
Ұқтырдың достарыңа хаттың мәнін.
Кезіп кеп шаһарыңның таптың бағын,
Мазар боп Түркістанда қалдым мән-а.
--------------------------------------------
Ғұрбат* – кезбелік, яки дәруіштік жол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу