09.02.2023
  86


Автор: Жабал Ерғалиев

Тұтқын

Бұл өмір абақты ғой саналыға…


Мағжан.


 


Тағдырының өз табасына салып, талай бір қуырған ғұмырының тағы бір көрер таңын көзін ілмей күтіп жатыр. Е, жалғыз бүгін дейсің бе, мұндай күйге түскені. Талай да, талай бір қараңғы түндердің қақпанына түскен не бір ойлардың қос шаппасынан босана алмай, азап шеккені аз болмағандай еді. Қай жерде, қай төсекте жатпасын жалғыз ғана серігі болып келе жатқан сол ойлардан өзге көңіл жұбатар да ешкімі жоқ бұл байғұстың. Түн баласы санасында сарнар зарын да өзінен басқа ұғынар жан иесі табыла қойған жоқ әлі де. Ондайдың енді табылмасы да анық! Азабы да, тіпті… мазағы да молдау болған өмірінің түгесілер сәтінің таяп келе жатқанын біліп те жатыр. Соны біліп, сезген сайын өз өмірінің енді бір таңын көріп қалуға соншалықты құмартқан көңіл шіркіннің босағанын қайтерсің!..


Қарттар үйінің көңіл құлазытар тіршілігіне қаншалықты көндігіп қалғанымен, осы бір түннің қатерінен құтыла алмасын сезіп жатқан жүрегі алқына соғып, тынысын тарылтып бара жатыр.


–Уһ дүние-ай!.. Жаным-ай!..


Осы бір-екі ауыз сөздің жалын атып жатқан аузынан ышқына шыққанын Қали қарттың өзі де сезген жоқ.


–Аға, не болды? Қара терге түсіп жатырсыз ғой?.. Не болды?..


Керуетінің жанына келіп, қара көлеңке сәуле түсіретін түнгі шамның жарығымен қарттың бетіне үңілген Шәкібайдың бас жағында тұрғанын сезген болатын. Бір бөлмеде біраздан бері бірге тұрып жатқан төрт бейбақтың біреуі осы–Шәкібай. Бұл да осы қарттар үйіне биыл екі қайыра қыстап отыр. Байғұстың кемпірі дүние салғаннан кейінгі күні келіні мен баласына қарап қалған. Арақ деген ащы судың зардабын тартқан жалғыз ұлы мас күйінде машина жүргізіп, жол үстіндегі апаттан опат болды да, келіні күйеуінің жылын тоспастан жалғыз қызын ертіп алып, төркінін тапқан. Жалғызынан айырылып, үміті үзіліп, талай жыл өз шаңырағында жалғыз өзі-ақ отырып бақты. Ер адамға, оның үстіне қайғымен қайысқан қартқа сиыр сауып, от жағып, күл шығару сияқты үй шаруасы оңайға соқпады. “Құдай салды, мен көндім”,–дей жүріп, жылай-жылай осы бір қарттар үйін паналағаны бар еді.


–Шәкібай, сенбісің?..


–Иә…иә… аға менмін! Шәкібаймын!..


–Ә, шырағым, жанымда болғаның жақсы болды-ау! Тыңдап ал да ұғып алшы жарқыным, айтқандарымды…


Қара терге түсіп жатқан Қали қарттың онан әрі сөйлеуге әлі жетпеді. “Кел, мына жерге отыр” дегенді ымдап қана жеткізді.


Қарттың керуетінің бас жағында тұрған орындыққа отырған Шәкібайға қос жанарын бір ашып қарады да, Қали қарт ауыр дем алған қалпы біршама үнсіз жатып алды.


–Мені…мені…мындағылар орыс моласына апарып жерлеп жүрмесін… Шәкібай селт ете түсті.


 


–Аға, не деп жатырсыз?–деген бір ауыз сөзді айтуға ғана мұршасы жеткен Шәкібайдың білегін уысынан босатпаған қалпы біршама уақыттан кейін тағы да тіл қатты.


–Мына…жастығымның астында жиған біраз ақша бар. Соны жұмса… Ақирет алғыз… Мешіттегі моллаларға хабар айтып, жаназамды шығарт. Ұғып ал… Өз атым–Қалижан, әкем–Уақбай… Уақбай баласымын… Топырағым жермен жексен болып кетіп жүрмесін, басыма бір белгі тас қойғыза сал!..


Адамның да, онан қалды санасын сан-саққа жүгіртетін ойлардың да тұтқынынан қаншама құтылып көргенімен де, осы жолғы аламын деп келген ажалдың құрығына ілінерін, енді сол тұтқыннан босана алмасын сезіп жатқан Қали қарт осы бір аманаттарын Шәкібайға ширақ жеткізді де, алқынып барып тоқтады. Бұл оның тірі пендеге соңғы бір тіл қатуы болды…


Тілден қалғаны болмаса Қали қарттың санасы қалғи қойған жоқ еді. Сол баяғы өткен күндерінің өкініші өзегін өртеп, тұла бойы күйіп-жанып жатқан қарттың жұмулы жатқан көздерінің айқаса қалған кірпігінің арасынан сорғалап, тыйылмай ағып жатқан жас тамшылары іште жатқан қалың қайғының сыртқа тепкен бір белгісіндей еді.


Қайғының қара қазанында қайнаған бар ғұмырының солуынан жанарынан саулаған сол көз жастары ғана қалып бара жатыр. Басқа кімі, несі бар артынан ілесер?! Ұға білер жан иесіне қарттың қос жанарынан сорғалап ағып жатқан мына көз жастары осыны айтып жатқандай. Тілсіз қалған байғұс жанның мұңы мен сырын тірі пендеге ұқтыра алмай өтіп бара жатқан көңіл көзінің мөлдіреп төгіліп барып, діріл қағып тұрған сол бір жас тамшылары бүгінгінің адамына біткен ет жүректі селт еткізуге қауқары жетпегенімен де, жерде жатқан қара тасты ойып түсері анық нәрсе. Тасқа айналған тас жүректерден көрген азабы мен қиянатын ертең… ертеңдер өзімен бірге көрге көметіндердің бойы мен ой саналарында қалып бара жатқан жамандық, қиянат атаулының қара жерге түгелімен жерленбейтініне ғана өкінеді. Өзі өтер-ау, кетер-ау бұл дүниеден!


Жер бетінде қалып бара жатқан жамандықтан тамырланған зұлымдықтың зынданына түсер пенделерін аяйды.


Пендесі аямағанды тағдыры аяп не қылсын?! Қали қарттың мына көз жасы осыны айтады сіз бен бізге.


Қысырақ мініп жылқы бағып жүрген қыр қазағының біреуі–осы Қали қолындағы құрығын тастап, оның орнына қару ұстап соғысқа кіремін деп ойлап па еді?! Пендешілікпен басталған кешегі сол соғыс өрті небір тағдырларды күйдіріп, жандырып жіберді. Атылған оқтың құлақты тұндырған ызыңынан есалаң болып майдан шебінде жүріп немістерге қалай тұтқынға түсіп қалғанын қызыләскер Қали Уақбаевтың өзі де көпке дейін есіне түсіре алмай дал болған. Мең-зең болып басы айналып жатып, лоқсып құсқысы келіп барып көзін ашқан. Қайда жатқанын есіне түсіре алмай, сәл-пәл үнсіз жатып тың тыңдап еді, түсініксіз тілмен сөйлескен адамдарың даусын естіген.


–Су…су…вода…вода…


Іш қызуының жалынынан кеберсіп, кеуіп қалған еріндерін жалап, қаталап жатып бір жұтым су сұраған. Қалайы күрешкенің жартысына жетер-жетпес суды қылғыта салып еді, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Бір жұтым қара


 


сумен әлін жинады. Қали деген бір пенденің ғұмыр бойы татып өтер өз тұтқындығының алғашқы бір жұтым қара суы осы болатын…


Әуелде Флоссенбюрг қаласының маңындағы лагерьде қамалып ұсталған. Бәрі де өзі сияқты бұрынғы кеңес әскерінің жауынгерлері. Арып-ашып, ауыр жұмыстан қалжырап барып жығылатын. Бәрінен бұрын, сапта келе жатып, сүрініп барып, құласаң болды, арсылдаған иттеріне талатарын қайтерсің?! Атып тастай салудың өзі де түкке тұрмайтын іс екен. Адам баласының жанын шыбын құрлы көрмейтін бұл не қылған қаныпезерлік?! Жан иесіне деген жан баласының дәл осыншалықты өшпенділігі қайдан келген?!


Түсініп болмайтын тіршілігінің осы бір күйіне іштей наразы, қылар қайраны жоқ. Түн баласы түсіне туған ауылы кіріп шығатын. Әлдебір ақбоз атпен шауып жүріп Жуантөбенің басына шығып алып, ағыл-тегіл жылап жатып оянып кеткені бар еді. “Е, туған еліме аман-сау оралатын шығармын. Мынау бір тәуір түс болды-ау”–деп тұтана қалған сол бір қуаныштың бір жарық сәулесі көңіл түкпіріне үміт болып орныққан-ды. Сол үмітпен жүріп бойы сергіп қалатын. Сондай күндердің бірінде лагерьдегі бүкіл тұтқын атаулыны сапқа тұрғызған. Әлгіндей болған жоқ қара былғарыдан тігілген ұзын плащтары сықырлап, бір топ әйдіктер сапты аралап, әр тұтқынның жүзіне көгілдір өткір көздерімен тесірейе қараған. Тұтқындар сабының алдынан бір өтіп, екінші рет қайра өтіп бара жатып, көзіне киген көз әйнегі күннің көзіне жарқ еткен, ұзын бойлы, атжақты неміс Қалидың тұсына тоқтап:


–Азиат…азиат…–деп сұқ саусағымен мұны нұсқаған болатын.


Соңынан ерген көп нөкері бар сол ұзынтұра неміс мінген машинаға отырып Қали да әлде бір тоғай ішіне орналасқан үйге келген. Кейін білді, бұл жаңағы ұзынтұра                  немістің   жеке   имениесі   екен.   Тау   аңғарын   бойлай   өскен   көк шыршаның етегін ала созылып жатқан жазыққа салынған түрлі үйлерді көріп, мұндай да әсемдік болады екен-ау деп таңқалды. Жаңағы неміс Генрих Штумф дегенің болып шықты. Өзі әскери адам болмаса да, қолына біраз қаржы шоғырланған банкир екен. Мына тау аңғарындағы үй жайлар Генрих мырзаның ат ұстап, сонымен серуендеп, демалатын мекені. Қорасындағы не бір асыл тұқымды аттарына күтім жасайтын адам керек болған екен де, сол жұмысқа жақын маңдағы тұтқындардан кісі таңдапты. Азиаттар мал соңында жүретін халық деген ұғым әуелден қалыптасып қалған бұл немісің де мыңдаған тұтқындардың арасынан сахараның күн көзіне қақталып, шойындай шыңдалған қазақтың түр-тұлғасына қызыққан. Жасы болса жиырмаларға енді келген, туғанынан қымыз ішіп, ет жеп, ат үстінде өскен азиатыңның соңғы төрт-бес айда тұтқындар лагерінде жүріп жүдегені болмаса, әуелден сүйегінің ірілігі бар өн бойының күші мен қуаты кете қойған жоқ еді. Бәрінен бұрын ботаның көздеріндей  мөлдіреп                  тұратын   қос  жанарының  қалың қас    пен  ұзын кірпіктерімен тұтаса біткен бет жүзіне қарасаң әлдебір сұлулықты аңғарар едің. Банкир немістің ат қорасындағы жұмыс лагерьдегіден көп оңайға түсті.


Бәрінен бұрын соңдарынан арсылдатып ит ертіп, қолдарындағы қаруларын кезеніп жүретін сақшының жоғын айтсайшы! Жат жерде жүрмін демесең, жатар орны, ішер асы дайын. Өмір бойы жылқы баққан Қали банкирдің ат қорасының шаруасын үйіріп-ақ алып кетті. Жайлы тұрмыстан көңілі орнығып,


 


қарны тойынып, екі беті жылтырап шыға келген. Ат қорасының бұдан басқа да екі-үш қызметкерінің біреуі орыс тілін шала білетін еді. Көбінесе Қалиды сол жұмсап, сол билік айтатын болды. Әр аптаның демалысы мен әлдебір мейрам күндері Штумф мырза табиғаттың ғажайып бір осы мүйісіне әйелі, бала- шағасы, соңынан еріп қолпаштаған нөкерлерімен келіп тынығып қайтады. Қожайын келетін күнді алдын-ала біліп отыратын ат қораның қызметкерлері де бұл демалысқа әбігерлері түсіп, әзірленіп бағатын. Аттарды сылап-сыйпап тарап, олардың ер-әбзелдерін, жеңіл доңғалақты сәнді арбаларды сүртіп, жалтыратып дайындап отыратын.


Өз қожайынының үш бірдей қыздарының Қалиды алғаш көргенде ауыздарын ашып, таңырқап тұрып қалғанын ұмыта алар емес. Тап бір адамды емес, әлдебір аюанды көргендей болған әп-әдемі, аппақ қыздар әуелде Қали жегіп алып келген арбаға мініп, серуендеуге шығуға да қорыққан болатын. Қыздардың анасы өз тілінде бірнәрселерді айтқаннан кейін барып, үшеуі де арбаға мінген. Ұзын сирақ әдемі қос күреңді парлап жеккен арбаның алдыңғы орындығында отырған Қали делебені еппен қағып, серуендеуге бөлінген жолға түскен.


Көп ұзамай жаңағы үш қыздың үлкені Эльза дегенің Қалиды үйірсектеп алды. Тіпті мұны көрсе болды, өн бойын көк көздерімен ішіп-жеп, күлімсіреп, қылмыңдап қалатынды шығарды. Жасы сол он сегіз бен он тоғыздың аралығындағы Эльзаның сұлулығын аңғармай қалуға да болмас еді. Етжеңділеу келген қыздың қос анары үстіне киген жұқа көйлекті керіп жіберердей болып тысырайып тұратын. Күн сайын пісіп, енді болмаса үзіліп түсейін деп тұрған сол қос алмаға Қали да қара көздерін қадап қоятынды шығарды. Екі сіңлісі серуен жолды бір-екі айналып шыққаннан кейін-ақ, шаршадық деп, арбадан түсіп қалып, жайлы үйлеріне дем алуға кетіп қалып жүрсе де, Эльза арбадан түспейтін болды. Басында билігі жоқ ат айдаушы Қали болса Эльзаны онан әрі серуендететін. Серуен жолдың көзден тасалау бір тұсында Эльза келіп Қалидың жанына қатар отырып, аттарды өзі айдайтын да болды. Сол қылта тұста ат арбаны тоқтатып қойып, басын төмен салып отырған Қалидың қолдарын ұстап, екі бетін алақанымен сипалап, қоп-қою қара шаштарынан тартып, бұрын-соңды қолға ұстап көрмеген әлдебір ойыншықты шұқылағандай қызықтайтын-ды. Әу баста бойын әлдебір үрей билеп жүрсе де, кейін қыздың бұл қылығына да үйренді. ¶йренгені былай тұрсын, тіпті оның бұл қылықтарын жаны жақсы да көре бастады. Кейде Эльза жұп-жұмсақ аппақ қолдарымен Қалидың жүн басқан апай төсінен сипағанда әлдебір құмарының оянатыны байқалды. Тұтқын болса басы тұтқын емес пе, сезім атаулыны ешқашан, ешкім де тұтқын етіп ұстай алмасын Қали сол жолы ұққан. Қалидың еркектік құмарлығын әбден қоздырып болған сол көк көз қызды тұла бойын кернеп алған әлдебір сезімнің күшімен арбаның үстінен тік көтеріп алып, қуатты қолдарымен қапсыра құшақтап, төсін төсіне басып қалай құмарлана сүйгенін өзі де аңдай алмай қалған сол жолы. Мына азиаттың осынысын көптен тосып жүрген Эльза да сол сәтте бойын билей алмай, талықсып жүре берді. Өн бойын әлдебір ыстық жалын шарпыған сұлу қыз өз ырқын да, еркін де билей алмай Қалидың мойнынан асылып тұрып, тұла бойын кернеп әкетіп бара жатқан еркектің қуатты сезімін аңғарған сайын былқ-сылқ етіп, сол сезімнен не де болса қанып бір ішуге әбден бекінгені анық


 


болатын. Жан дүниесін билеген осы бір тәтті сезімнен бе, әлдебір үрейден бе алқына соққан жүрегін тоқтата алмаған тұтқын жігіт қолындағы қызды тік көтеріп әкеліп арбадағы орнына отырғызып, жан ұшыра делебені қағып жіберіп, аттарды айдай жөнелгені бар еді.


Әр кездескен сайын алаулап жүре беретін осы бір сезімнің ыстық жалынына шарпыла білген тұтқын жігіт пен нәзік жанды еркін де ерке қыздың бұл ойындары балқыған көңілдерінің бір-біріне деген ынтызарлықтарын арттыра түскен-ді. Алайда сол аймаласқан қос жүректің бірін-бірі құлай сүйе білген құштарлықтарының тар құшағынан құлап түсер тағдырлары бар еді әуелден жазылған…


Қыздардың үлкені Эльзасының әлдебір тұтқын азиатқа деген құмарлығын әкесі мен шешесінің аңғармауы мүмкін де емес еді. Мінезі де, қылығы да күрт өзгеріп шыға келген Эльзаның бойындағы жаны мен тәнін билеп алған сезімі түн баласы төсегінде ұйықтатпайтын да болды. Эльзаның түні бойы қыстығып жылап шығатынын сіңлілері аналарына айтқан. Ол болса қызының қасарысып, қарсыласқанына да қарамастан қолынан жетелеп жүріп көрсетпеген дәрігері қалмады. Ешқайсысы ешқандай диагноз қоя алмаған Эльзаның дертін сезіп жүрген ең кіші сіңлісі Эльвира болатын.


–Мама, ол әлгі біздің имениедегі ат күтуші азиатқа ғашық! Соны ойлап жылайды!..


Кіші қыздың мына сөзін естіген қыз аналары төбесінен әлдекім мұздай су құйып жібергендей баж ете үскен. Еркетотай Эльвирасының не нәрсені болсын, жасырмай айта салатын қылығын әбден білетін анасы Эльзаның екінші қабаттағы бөлмесіне көтерілген. Төсегінің үстінде етпетінен түсіп, жастығын құшақтап, қыстығып жылап жатқан қызын көрген қыз анасы да Эльзаның бойындағы дерт сырын ұққан болатын. Көңіліндегі күдігін орайы бір келгенде, жайлап отырып күйеуіне айтуы мұң екен, ол дегеніңнің қаны басына теуіп, шаң-шұң етіп, әйеліне зекіп, ашудан булығып өліп кете жаздаған.


Сол әңгімеден кейін ол келесі күні қызметіне де бармастан, жеңіл көлігіне мініп алып, ертелетіп имениесіне келген. Қожайындары әдеттегі жұмыс күндері бұл араға келе бермейтінін білетін ат күтушілер аң-таң. Осындағы іс жүргізушімен сәл-пәл тілге келгеннен кейін, ол барып ат қорадағы шаруасымен айналысып жүрген Қалиды жуындырып, киіндіріп, қожайынның алдына алып келген болатын.


–Сұлуын-ай, мынау азиаттың!..


Генрих мырзаның өзі де мына жап-жас жігіттің түрі мен түсіне іштей болса да, таңырқанбай тұра алмады. Осы бір ойын жасырғысы келгендей ол жалма- жан машинасына беттеді. Іс жүргізуші Қалидың да мырзамен бірге қалаға бару қажеттігін түсіндіріп, мөлдіреген қос жанарын үрей билеген тұтқын жігітті машинаның артқы орындығына отырғызды. Көп ұзамай әлдебір әскери госпитальдың ауласына келіп тоқтаған жеңіл машинадан түскен Генрих мырза Қалиға “сен де түс, менімен еріп жүр” дегенді ыммен білдірді. Машинадан жасқана түскен тұтқын жігітті соңынан ертіп алып, әлдебір дәрігердің алдына алып келді. Ол болса, орысшаны сәл-пәл білетін біреу болып шықты.


 


–О, азиат, ештеңе етпейді, бізде бірер күн жатып емделіп, тынығып қайтатын боласың,–деп Қалиға қарап күлімсіреп қояды. Мынаның жылы сөзі мен жылы қабағы қорқынышын сейілткендей болды. Қалидың банкир қожайыны жаңағы дәрігерге немісшелеп әлдебір істі қадағалап тапсырды да, көп бөгелместен тұтқынды госпитальда қалдырып кете барды.


Бір-біріне қиянат жасауға келгенде адам баласының зұлымдығына құрық бойлай алған ба?! Ой тереңінің түкпірінде ғұламалық та, даналық та, сонымен бірге зұлымдық та бұғып жатары болмаса, бұл дүниенің жақсылығы мен жамандығы қатар өріліп, бірге өсіп, бірге көктеп тұрар ма еді?! Өмірі де, ажалы да бар тіршіліктің қуанышы мен қайғысының қос бұрымын бірге өріп, бірге тарқатар тағдырыңның уысынан шығып қайда барармын дейсің?!


Қали да сол өз тағдырының уысынан шыға алмады. Әскери госпитальға келген күннің кешінде екі шабының арасы ашып, күйдіріп әкетіп бара жатқан қалпы шошып оянған. Басы–мең-зең. Қалай ұйықтап қалғанын, өзіне не болғанын да біле алмай дал болған ол шыңғырып жіберген. Палатаға ентелей жүгіре кірген қос дәрігер кереуетінен тұрмақшы болып ұмтыла берген Қалидың қол-аяғын басып, қайра жатқызған. Жамбасына ине салып еді, жаны тыныш тапты. Жер шарының біраз бөлігіне үстемдіктері жүріп тұрған неміс елінің өндірісі де қуатты болатын. Тіпті өздері басып алған елдердің қолға түскен мыңдаған, миллиондаған тұтқындарының көзін жою үшін оқтың өзін шығынсынған фашистер адам баласын өртейтін пеш, уландыратын камералар ойлап тапқандықтарын да қайтерсің?! Оны айтасыз адамның сойып алған терісінен қолға ұстайтын әсем де бағалы әмияндар мен сөмкелер шығарудың өзін өндірістік жолға қоя білген немістер үшін әлдебір азиат Қалидың аталық қос безін сылып алып тастаудың өзі түкке тұрмайтын іс болды. Еркек тоқтыны піштіргенді ғана көріп өскен қыр қазағы Қали бейбақ немістердің госпиталынан осылайша піштіріліп шыққан еді.


Қызының абыройын ойлаған неміс әке сөйтіп, әлдебір пендесін жар құшып, бала сүю сияқты қос бақытынан бірдей айырған болатын. Міне, сол бір қиянаттың қайшысымен қиылған бақытты уысына түсіре алмай өтіп барады жалғаннан. Селт етер сезіміңнің есін жинап, басын көтере алмайтыны қиын екен бәрінен де. Көзің қызығып, жаныңа жағып тұрған сұлулық атаулыны өліп- өшіп сүю арқылы ләззат алуыңның өзі бойға біткен сол қос тамырдың күші мен қуатынан нәр алатынын кім білген?!


Азиат Қалидың госпиталға нендей жағдаймен жатып шыққандығын Эльза өз анасынан екеуара әңгіме арасында естіген сәтінде-ақ, қолындағы кітабын тастай салды да, үстіндегі бір киер жеңіл көйлегімен далаға атып шықты. Үнемі тұман басып, буланып, буалдырланып жататын Эльба өзенінің жағалауындағы қайық станциясын бетке алып, қос жанарынан парлаған ыстық жасы омырауын жауып, жүгіріп келеді. Батар ұясына қарай ақырын жылжып бара жатқан күн көзінің кешкі қызыл шапағымен сол нұрға малынған төңіректің жан алып, жан берісіп жатқан қырғын соғыстың қанына боялып жатқандай. Сол бір қызыл дүниенің қызығынан түңілген де, безінген қалпымен жүгіріп келе жатқан қыз жүрегі сол бір азиатты… тұтқын Қалиды көруге, соған жетуге аласұрып, асығып, жанталасып келеді. Біресе қайықшының, біресе жолда кезіккен


 


көлікшінің көмегімен су кешіп, жер басып имениеге жеткен сәтте қызылкөз дүниенің тағы бір таңы оянып келе жатқан-ды. Әр сәйгүлікті қолындағы ұзын арқанмен жетектеп алып шығып, бойын жаздырып жүрген Қали жеңіл көйлегінің етегі желпілдеп, өзіне қарай құстай ұшып келе жатқан қызды көргенде шошынып қалды әуелде. Сайтан ба, пері ме мынау деген бір ой санасында қылаң беріп үлгергенше болған жоқ, өзіне таныс қыздың бейнесі көзіне оттай басыла берді. Қолындағы сәйгүлікті шұбатылған арқанымен қоя берді де, Қали да сол қызға қарай ет жүрегін ала жүгірді. Үрей де жоқ, қорқыныш та қалмаған тұла бойында. Біраз жылдардан бері қауышу мен табысудан ада болып, соны аңсап, соны көксеп жүрген кісендеулі көңілінің кілті ашылып, бұғаудан босаған бойын жазып, Қали да өзіне қарай жан ұшырып келе жатқан қыз ғұмырдың құшағына жетіп құлауға асықты. Санасынан азаттық алған тұтқын жігіттің қазіргі жан күйінің бар сезімін енді ешкімнің тұзаққа түсіріп, тоқтата алмасы анық жай. Алаулап жанып жатқан сол отты сезімнің мұңлы сағынышының жалынымен өрттелген тұтқын жігіттің анау… өзіне қарай екі өкпесін қолына алып жүгіріп келе жатқан азат қыз мұның алыста… қиырда қалған… бір көруге зар болып жүрген туған елі мен туған жерін, бар ағайыны мен дос-жарандарын, қыр үстінде қиқу салған еркін де ерке күндерін, бәрін…бәрін де өзімен бірге көтеріп алып келе жатқандай ессіз күйге түсті. Сол ессіз күйдің күйігімен айқаса қалған мына қос құшақты ажыратып алуға тірі пенденің күші де жетпесі анық еді. Айқаса бітіп, бүтінделіп, тұтасып бара жатқан қос жүректің мөп-мөлдір осы бір сезімдеріне дәл қазір оқ атып, найза түйресең де аққан қызыл қанның қайсысынікі екендігін де ажырата алмасың хақ. Қос мұңлық бірге құлап, бірге мұрттай ұшып, жандары да бірге шығар еді сол сәтте. Қыз ернін елім деп сүйіп елтіген тұтқын жігіттің он екі мүшесінің бірі ет жүрегінің ғана аласұра соққаны болмаса, осындайда тәтті бір сезімнің күйін келтіре, құмарландыра, құлшындыра түсіп, өзі болса асқақтап шыға келетін өзге бір ынтызар мүшесі жансыз күйінде, жайбарақат жатқан еді. Жүрек тауының биігінен жөңкілген алапат сел сезімнен есі кеткен қыз тұтқын жігіттің жалын атқан деміне тұншығып бара жатса да, семіп қалған сезім шыбығының селт етпегендігіне көзі жетіп, иланды да, ол енді…тіпті…мәңгілікке солып, қуарып қалғандығын ұқты да, жібектей жұмсақ құлын мүшесін аймалап өбіп жатқан Қалидың құшағынан сусып шығып кетті де, жұп-жұмсақ көк шөптің үстіне отыра қалып, ағыл да тегіл жыласын-ай келіп. Ғайыптан тұтанып алып, маздап жатқан жүрек ошағындағы екеуінің де сезім оттарының осылайша өшкені ме бұл?! Қали да егілді. Әбден құса болып қалған тұтқын көңілдің қасіретімін еңіреп отырған ол әлден уақытта “Халли…Халли…” деген қыз нінен селт етіп, дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Су жинағыш биік мұнараға шығатын баспалдақпен соның ұшар басына көтеріліп алған Эльза сол арадан қанатын қомдап, аспанға ұшар құстай болып, екі қолын жайып қойып, біресе сөйленіп, біресе жылап тұр еді. Сол жылаған сезім әлгіндей болған жоқ көзінің жасын тыя алмаған қалпы, биік мұнараның басынан секіріп кетіп, адам баласының қолымен төселген қара тастың үстіне келіп томп ете түсті. Төмен қарай құлдырап құлап келе жатып “Халли…Халли…”–деп шырқыраған қыз сезімнің жан дауысы зеңбірегі


 


атылып, қаны шашылып, оқ иісі қолқаңды қауып, көк түтінге тұншығып жатқан кең әлемнің қойнына сіңіп, әп-сәтте ол да тыныш тапты…


Бір басына жамалған осы бір қайғымен неміс жерінде жүрген шағында Қали сияқты тұтқындарды ағылшын мен американдықтардан тұратын екінші майдан жауынгерлері босатқан болатын. Неміс лагерлерінен азаттық алған бұларды, американдықтар үлкен кемелермен өз елдеріне алып келген. Қай жердің дәмін татарың да тәңіріңнің қолындағы іс қой. Тәңіріңнің маңдайыңа жазғанын көресің дегенің осы екен!


Соғыс аяқталғаннан кейін тұтқындағы кеңес адамдарын өз отандарына қайтару мәселесі қозғала бастаған шақта, бұл соғыста өз елінің жеңіске жеткендігіне іштей қуанса да, көңілдерін күпті етіп алған бір ойдан күні-түні арылған емес. Америкадағы кеңестік әскери атташе өкілдері келіп:–Кеңес одағының абыройы аспандап тұр. Жолдас Сталин бастаған коммунистер партиясы ұлы жеңіске ие болды. Кеңес үкіметі енді әр мемлекетте тұтқында жүрген сіз сияқтыларды өз елімізге қайтарып алуға күш салып жатыр. Жеңімпаз елдеріңіз бар. Сол елдеріңізге қайтыңыздар,–деп сайрағанда сай сүйегіңді сырқыратып жүрді.


Кеңес үкіметінің насихатшы өкілдері келіп-кетісімен, тұтқындар лагеріне американдық шешендер келіп сайрайтын.


–Бәрі де өтірік! Қызылдар ешкімді де аямайды, Сталиннің қаһарына ұшырайсыздар. Елдеріңізге қайту, қайтпау өз еріктеріңізде! Қайтпаймын десеңіздер бұл арадан Сіздерді ешкім де күшпен зорлап алып кете алмайды…


Бір-бірімен аңдысқан екі елдің де сұрқиялылығынан сескенгенімен, туған еліне қайту жайы ойынан бір шықпаған қалпы Қали да Кеңестер одағына оралушылар тізіміне жазылып, ақ кемеге келіп мінген-ді. Мұхит арқылы ұзақ жүзген сол ақ кеме бұларды Балтық теңізі жағалауындағы үлкен бір айлаққа алып келіп, түсірген болатын. Кеменің жағаға түсер баспалдағынан бастап қатар-қатар сап түзеген солдаттарды, арсылдаған иттерді көрді. Бұл жай елім деп алаңдап келе жатқан тұтқындардың көңілін су сепкендей басып тастады. Тұтқынға басынан ауыр жарақат алып, ессіз-түссіз қалпында түскендігін жеңімпаз Кеңес елінің соты елеген де, ескерген де жоқ. Сот өз үкімімен тұтқын атын сатқын дейтін атқа алмастырып, жиырма бес жылғы ғұмырын абақтыда өткізуге кесіп, Сібірге айдатып қоя берген.


Сатқын атанғанша да тұтқын болып жүре бермеген екенмін деген қалың ойларға Тайганың орманынан ағаш даярлап жүрген шағында Қали сан-мәрте берілген де еді. Әйтеуір кеудесінде шықпай қалған тірі жаны бар демесең, осы ғұмырында жанына медет, қуат болар не тапты?! Дүниеге ұрық та шаша алмады, туған елінің топырағын да емін-еркін басып жүре алмады.


Тұтқындығы мен сатқындығы үшін сот кескен мерзімін өтеп, әке шаңырағына ие болып отырған інісі Бәридің үйіне келген. Шіркін, бауырдың аты бауыр емес пе, ағасының азап тартып, тар жерден аман-есен келгендігін көріп, қуанғанынан жылай жүріп, жалма-жан қойын сойып, ауыл үйдің кәрі- жасын жинап, кіші-гірім той жасады. Айлар өтіп жатты. Қали да қарап жатпай інісінің шаруасының бір жағына шығысып, шаруашылықтың тиіп-қашпа жұмыстарына да араласып, алған айлығын да келінінің қолына ұстатып жүрді.


 


–Аға-ау, оныңыз не? Өз тапқан ақшаңызды өзіңіз ұстап жинай беріңіз. Таяуда ауылдан көшкелі жатқан бір ағайынның үйін сізге әпергелі жүрміз. Келісіп қойдық….


Бәридің бұл айтқанына Қали онша қуана қоймады. Інісі бөлек бір үй сатып әперіп, сонан соң ағасын үйлендіріп, алдына мал салып бергісі келетіндігін көптен бері айтып та жүрген болатын. Оның мұнысы жөн-ау тіпті. Ағайыншылық дегенің де міне осы ғой. Бірақ…қайтерсің?!.


Тұтқын болғандығымды бетіме басып, көз түрткі болмайын және қиянат қолымен жасалған белсіздігімді сездіріп алмайын деген ниетпен жан баласына айтпастан бір түнде жырақтағы қалаға кетіп қалып, соның әлдебір қазандығының өмір бойы от жағушысы болып жүрді де, сол арадан азын-аулақ зейнетке берер ақысын алып, осы қарттар үйін паналаған болатын.


Жалқы келіп, жалқы кетіп бара жатқан мына дүниеден алашағы да, берешегі де жоқ мұның. Есебі тең. Өкпесі де, назы да жоқ айта қояр. Жарық дүниеге шырылдап келді, енді тіл-аузы байланып сол дүниеден үнсіз-түнсіз кетіп барады. Дәл қазір тілге келе қалар болса да, ол өзіне жан салған, жарық дүниені сыйлаған, осыншалықты ғұмыр қиған тәңірін сөкпесі анық. Тәңірін не деп сөксін, болса сол тәңірі жаратқан адамының тұтқыны болды. Жарық дүниенің азабын да, мазағын да өзі сияқты адамдар тартқызды. Соттаған да солар. Тәңірінің алдына барып, жауап берер қиямет күндері:


–Е, пендем, не ұқтың жарық дүниеден,–деген сауал қойылар болса, өмір– абақты, адам соның тұтқыны екендігін айтар еді әуелі.


Тіршілігінде тірі пендесі азапқа салған Қали қартты онан әрі қинағысы келмеген өз тәңірі өзі сыйлаған жанын ажалын жіберіп, оны өмір абақтысынан құтқарып алды. Жаратылыс пайда болғалы жан қадірін ұғына алмай келе жатқан адамдарына сол тәңірі Қалидың ет пен сүйектен тұратын тәнін ғана қалдырып кетті. Жан мен оның иесін емес, әзірге… тәнді ғана қадірлеуді үйренген пенделері Қали қарттың да сүйегін арулап, аққа орап, ардақтап апарып, қара жердің қойнына берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу