09.02.2023
  89


Автор: Жабал Ерғалиев

КЕЙІПКЕР МІНЕЗІ

“Қайнар” баспасынан жуырда жарық көрген Сәкен Хасенеевтің “Дала тарландары” очерктер жинағын ден қоя оқып шықтық. Шағын ғана кітапшаға жинақталған небары он-ақ очерк болғанымен олардың кейіпкерлері өте көп. Қай очеркінде болсын еңбек адамдарының жарқын ісімен, олардың қоғамды дамытудағы ой-ниеттерімен ұшырасасың. Әсіресе, “Дала тарландары” атты очеркте Кенжетай Рамазанов бригадасы диқандарының бейнесі іс үстінде тәп- тәуір жасалған. Диқан Болат Әлкеевтің күнбе-күнгі ісінен бүтіндей бір диқандар қауымының ерлігін тануға болады. Очеркте кейіпкер бейнесін жасаудың бірнеше тәсілдері бар. Автордың өз суреттеуі арқылы, кейіпкердің диалогі, монологі арқылы, іс-қақтығыс арқылы кейіпкер бейнесін жан-жақты көрсету бүгінгі очеркке тән қасиеттер. Журналист С.Хасенеев осы тәсілдерді қолдана білген. Әсіресе “Көкжиек”, “Бақыт құсы” очерктерінде Социалистік Еңбек Ері Геннадий Кузнецовтың, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Зейнолла Ескендіровтың бейнелері бірден танылады. Автордың тағы бір жетістігі–әр очеркті белгілі бір сюжетпен дамыта білуінде. Мұнда шаблондық жоқ. Әр кейіпкердің өзінің орнына, ой-өрісіне сайма-сай келетін диалогтар беру үшін автор едәуір ізденген.


Жинақтағы “Тың түлегі”, “Қос саңлақ”, “Ерлік білекте емес, жүректе”, очерктер-публицистикалық очерктің жүгін арқалап тұр. Алайда, Сәкен Хасенеевтің “Дала тарландарындағы” барлық очеркті шеберлік деңгейінен көрінген деп айтудан аулақпыз. Әлі де болса ширата түсуді, кейіпкер бейнесін сомдай түсуді қажет ететін очерктер де баршылық. Мысалға, “Ортақ қуаныш”, “Айдарының айдарлылары” очерктері суреттеме иә корреспонденция деңгейінде қалып қойғандығын жасыруға болмайды. Кейіпкерлері дараланбайды. Бүгінгі еңбек адамы қоғамдық-саяси, мәдени өмірге кеңінен араласатын білімді де мәдениетті жан емес пе. Ендеше өндіріс озаттарын жалаң еңбек үстінде көрсетумен олардың характерін тұтас ашу мүмкін емес. Осыны автор алдағы уақытта ескеруі керек. Біз де авторға ізденуден таймаса екен деген тілегімізді айтқымыз келеді.


 


( “Көкшетау правдасы” газеті, 10 маусым, 1978 жыл).


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу