Өлеңдер ✍️

  08.02.2023
  108


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

АҚ ТАҢДА АЙНАЛДЫМ. . . 

 


 


Ақ таңда айналдым ауланы, 


Семіпті сезімнің бау-бағы. 


Желкеме жебір мұң мінгендей, 


Сап-сары жапырақ саулады. 


 


Кішкентәй үйімнің бау-бағы, 


Елес пен Хиялдың аймағы. 


Шілдеде жатып-ап ішінде, 


Түстерді көруші ем қайдағы. 


 


Жанымның жап-жасыл бауларын, 


Сарғайтты сары әлем жаулады. 


Шашылған сағыныштарымды, 


Жабатын, қар неге жаумады?  


 


Торлаған әдемі жүзін мұң, 


Бағымды көрдім де бұзылдым. 


Сағындым көзіндей қыздардың, 


Көгілдір жанарын үзімнің. 


 


Бұйығы бөлмеден зерігем, 


Сондықтан ертерек келіп ем. 


Денемді сумақы уақыт, 


Сипады сұп-суық қолымен.  




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу