Өлеңдер ✍️

  03.01.2023
  214


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Менің жырларым

(поэзия)
Адасқан жапырақ
Қанипа Бұғыбаева
Бұл өмір болар мәңгі кімге тұрақ,
Өксітіп, жылатады... жырлатып ап.
Басынан биік ағаш желге билеп,
Адасқан келеді ұшып бір жапырақ...
Еркелеп тұрған туған айға жарық,
Көк орман көлеңкесін пайдаланып.
Бұлбұлдай үні біткен, күні біткен,
Ол енді қонады екен қайда барып?
Басынан өткерместен жазын әлі,
(Ажалдың суық желі азынады.)
Сызығы алақанның сызығындай,
Жүзіне қандай тағдыр жазылады?..
Қанатын қарағай тұр қанатқа ұрып,
Сағатың қанша қалды, санап біліп.
Дір еттім ескен желдің екпінімен,
Адасқан жапыраққа қарап тұрып.
Сыбдырлы сағынышпен көзімді ілем,
Жер деген күтіп алар төзім, білем.
Ұқсаттым уақыт желі қуалаған
Адасқан жапыраққа өзімді Мен...
Бір-бірін әлдилейді таңға тербеп,
Алғандай аспан, жерді жан мекендеп.
Еріксіз көкірегімді ұстай берем,
Жүрегім... сабағында бар ма екен деп?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу