01.01.2023
  97


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Өзім де, өзге де...

 


Ең алдымен қара басыңды ойла, қара қазан, сары баланың қамын же. Адамға жан тәтті, амандығың ардан да қымбат. Өмір сүрсең, алдымен өзің үшін өмір сүр, содан кейін өзге үшін, ел үшін... Жанымызды сыздатса да, бүгінгі күннің қатаң да қатыгез бір пәлсафасы осы.


Қасиетті кітапта: "Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қол ұшын бер". Айта берсең, адамның оңы мен солы іспетті керағар, қайшылас тіршілік.


Былтыр Қазақ-Қытай шекарасындағы "Терісайрық" заставасында 11 жауынгер тапа-тал түсте туған елінің шекарасын тастап, қашып кетті. Отан-анасының шекарасын көздің қарашығындай қорғау дейтін қасиетті борыштан гөрі, қара басының қамы басым түсті...


Аулада ойнап жүрген бүлдіршіндер бірінен-бірі ойыншығын ұстап көрмек түгілі, өзгенің қолы тиіп кетсе шар ете қалады. Күнде көріп жүрген соң,         үйреншікті            көрініс,           жайбарақатпыз.                       Апырай,     шынымен-ақ, дүниеқоңыздық құрты құрсаққа түскені-ау?! Әйтпесе бесіктен белі шықпай жатып, өзім дегенде өзегі кететіндей шырылдайтыны несі?! Қайырым-мейірім, өзің үшін ғана емес, өзге үшін, ел-жұрт үшін, алаш үшін дейтін арда қасиеттер тұншығып кетіп жүрмесін!


Жо-жоқ, тұншықса да, – қайта серпіліп шығады. Неге десеңіз, сонау тегімізден келе жатқан бір көзге көрінбейтін, бойға біткен бір алтын арқау қасиет бар.


...Үкімет    "Қазақ"    газетіндегі    өткір    мақаласына     бола    Ахмет Байтұрсыновты тергеп, – не екі ай түрмеге қамаласыз, не қомақты айыппұл төлейсіз, – деп алқымдайды. Сонда Ахаң: "Газетімнің аз ғана ақшасын айыппұлға төлегенше, сол түрмеңе барып жата тұрайын, газетім шыға берсін", – деп қазақ сөзін тұншықтырмау үшін түрмені қалаған.


Өткен ғасырда патша әскерлері алаш көсемі Әлихан Бөкейхановты бір сапарында жолда ұстап, тұтқындайды. Мұны естісімен ел азаматтары жиналып, аз ғана патша солдатынан құтқарып қалайық деп Әлиханға хабар береді.


Сонда Әлихан айтса керек: «Сабыр етіңіздер, үш-төрт ай  қамап, қоя берер, өлтіре қоймас. Ал сендер солдаттарды өлтірсеңдер, бүлікші деп, қарулы әскермен жібереді, босқа қырыласыңдар», – деп ер-азаматтардың амандығын ойлаған.


Айбатынан ат үркетін, ірі сөйлеп, кесек турайтын, аузы дуалы оғландарымыз елім-жерім дегенде жан беруге даяр еді.


Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев депутаттық сауалында осыдан 42 жыл бұрынғы оқиғаны айтады. 1972 жылдың 18 желтоқсаны күні Алматы облысының Балқаш ауданындағы Іле өзенінен мектеп-интернат оқушылары қайықпен өтпек болған. Өзеннің ортасына жете бере қайық аударылып, балалар суға бата бастаған. Екі жағада да көріп тұрған жұрт, араларында суға кетіп бара жатқан балалардың жақын ағайын-туыстары да амалы құрып, ештеңе істей алмай қалады. Сол                           кезде жағадағы Бейсетай Дәуренбеков деген азамат ойланбастан суға қойып кетіп, 12 баланы судан аман алып шыққан. Сол судан аман қалған төрт ұлттың өкілі 12 азамат бүгіндері аман-есен. Жыл сайын 18 желтоқсанында екінші әкелеріне артына ерген ұрпақтарымен келіп сәлем беріп тұратын көрінеді. Депутат Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін дәріптеу керек деп түйеді.


Алаштың арда ұлдары ғалым-жазушы Сәбетқазы Ақатай мен этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы Алматыдағы «желтоқсан көтерілісінің» қаһарлы күндері жеке бастарының қауіп-қатеріне қарамай, жастармен бірге алаңға барып, кейін желтоқсан туралы шындықты егжей-тегжейлі зерттеп, көтеріліс туралы мәліметтерді фото-пленкаға кішірейтіп түсіріп, оны арнайы сатып алған балтаның темір бастарына егеп кіргізіп, тесікті қайтадан балқытып жауып, Қытайдағы, Араб елдеріндегі, Батыстағы, АҚШ-тағы таныстарына "сәлем-сауқат" ретінде жөнелткен. Желтоқсан шындығы төрткүл дүниеге осылай тараса керек... Сол кезде бұл аса қауіпті де қатерлі іс болатын. Елі үшін қара басын бәйгеге тіккен екі ардағымыз да бүгін арамызда жоқ.


Күні кеше өзіміздің Қостанайдың Меңдіқаралық оғыланы Серік Сұлтанғабиев   Ресейде    солдаттың    қолынан    сусып    түскен    гранатаны ойланбастан кеудесімен жауып құлап, басқаны аман алып қалды. Оған "Ресей Батыры" атағын берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу