30.12.2022
  411


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Мінез

Адамның мінезі – ұлттық мінез, өмір сүріп отырған қоғамның мінезі. Әл-Фараби ғұлама: "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы


жақсы мінез-құлқына байланысты", – десе, Абай абыз: "Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім", – дейді. Ал Жүсіп Баласағұн: "Құрсақта біткен мінез – қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді – өлгенше өзгерте алмайсың", – десе, Жүсіпбек Аймауытов: "Жағдайдың өзгеруі мінезді де өзгертеді", – дейді. Ал Шортанбай Қанайұлы: "Сүтпен біткен мінез – сүйекпен кетеді" – деп түйіп тастаған. Ертедегі Рим мемлекетінің түбіне мінезсіздік жеткен деген де сөз бар.


Енді бір сәт ойлана қарасақ, біздің осы заманғы, осы күнгі мінезіміз қандай? Ұлтымыздың, полиэтносты қоғамымызға тән мінез бітістері бар ма?          (Этнопсихология,    этнография,    лингвистика,    философия,    тарих, зерттеулері бөлек әңгіме).


Соңғы кезде сонау ғасырлар қойнауынан аян ұлтымыздың ардаемген мінезін аңсау, сағыну, іздеу – аға ұрпақ, орта буын ортасында жиілеп бара жатқандай көрінеді. (Бұл өзі өткен ғасырлардан басталған көзі ашық ұлт зиялыларыдан туған алаңдаушылық). Сонау ықылым замандарда қазақтың атамекенінде, тұрған жеріндегі ел азаматтары отжүрек жауынгер, қайтпас-қайсар, қырағы оғылан болғаны мәлім. Соның арқасында қазақ ұлан-ғайыр жерге ие. Үлкендер қазіргі жастардан осы жерді қорғайтын осындай бір кесек мінезді көргісі келеді. Ол мінез жойылған жоқ, осыдан небәрі жиырма сегіз жыл бұрынғы желтоқсан (1986) көтерілісі осыған дәлел. Сондықтан мұқым дүние компьютерлі-технологиялық болмысқа бейімделген сайын, ұлт жанашырлары аға ұрпақ қазақтың айнымас төл қасиетін, ұлттық салт-дәстүрді қадірін түсірмей, жас ұрпаққа беріп кету керек деп алаңдаулы. Өйткені, отаршылдық зардабынан әлі арылған жоқпыз. Болмысымызға жат салт-сана, түсінік те сіңді. Айналамыз, замана әлі аумалы-төкпелі. Міне, алаңдаушылықтың бір себебі осыдан.


Ұлттық менталитет өзгерді, бұл – шындық. Бірақ, Құранда "Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім" деген аят жолдары бар. Жаратқанның айтқаны ұлттық ерекшелік, мінез-қасиеттерің жойылмайды деген аксиома. Ендігі жерде ұлтқа тән мәрттік, жомарттық, конақжайлық секілді мінездерді ұрпақтан-ұрпаққа сіңіре беретін               жарнама, менеджмент керек-ақ. "Өзіңді танытпай жатып, өзгені танимын деген күлкі тудырады", – депті Сократ. Жаһандану үдерісі ештеңеге қарар емес. Қарамайды да. Ендеше біз өзіміздің негізі                            бар заманауи    ұлттық       сана-сезімімізді,        салт-дәстүрімізді табандылықпен қалыптастыруға ұмтылса дүр. Әсіресе, зиялыларымыз белсенділік танытқаны абзал.


Адам пенде дүниелік құмарлықтың соңына түскен сайын қайғы-дерті, азап-тауқыметке бата береді. Сондықтан да оған қарсы тұру үшін Пайғамбарымыз: "Жақсы мінезді толықтыру, орнату үшін келдім. Көркем мінез – иманның жемісі", – деген хадистерінде. Мұндай ұғым, мұндай өсиет-мінез басқа діндегі ұлт пен ұлыстарға да тән. Адамның иманы, адамгершілігі, әділдігі, мейірім-шапағаты – барша қоғамның діңгекті мінезі. Ділі мен дініне қарамай-ақ, жұмыр жердегі замандастарымыздың бойындағы ұстанымы. Әлихан Бөкейханов былай депті: "Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден". Ол мінез: шыншыл, мейірман, жайдарман елгезек, сыпайы, сөзге сараң, амалға жомарт, кісіге зиянсыз, үлкенге құрмет, кішіге ізетті, шүкіршіл, сенімді т.с.с. Ал, керісінше, өктем, әдепсіз, кесірлі-кесапат, күндес, көнбіс т.с.с жетіп артылады. "Жалтақтық пен жалпақшешейлікті суқаным сүймейді", – дейді Н.Назарбаев.


Тереңінен толғасақ, "Мәңгілік ел", "Қазақ елі" деген ойлары Елбасының ұлттық мінезінен туған-ау?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу