28.12.2022
  374


Автор: Сейітқұл Оспанов

ТОМ СОЙЕРДІҢ ДОСЫ

 


Бұрын оны балалар өз есімімен шақыратын. Көлдей дейтін. «Тапал», «Үзынтұра», «Мұжық», «Фонтамас» деген секілді жамау аты жоқ-ты. Бірақ қырсық шалайын десе қиын ба, осыдан он күн бұрын бір топ бала араларында Көлдей де бар-тұғын, кешкілік ауылдың сыртында мақпал ақ құмның үстінде асыр салып ойнап, аунап, бір кезде ентіктерін басып, демалып отырды да, сөзден сөз шығып, бір-бірінің достарын сұрасты.


Тапалтақ, мығым денелі Алмас:


– Менің досым – Сағат! – деді мақтанып.


Мақтанатын жөні бар. Сағат математик, кез келген есепті шемішкеше шағады.


Сағат оны қостады:


– Иә, екеуміз доспыз!


Талғат көршісі Назарбекті досым деді. Бекболат Әлмешті атады. Өстіп бірте-бірте кезек Көлдейге де келді.


– Көлдей, сенің досың кім?


Құдды бұл сұрауды күтпеген адамша астында құмырсқа жы­бырлап жүргендей Көлдей отырған орнында әрі-бері қозғалақ­тады. Көзі күнге шағылысқандай кірпігі жыпылық-жыпылық етті. Сосын сәл ойланды да:


– Менің досым ба? Досым – Том Сойер! – деп шаттана айқайлап жіберді. Балалар аң-таң. Құлақтары шалыс естігендей. Ау, бұл ауылда ондай бала


жоқ секілді еді ғой.


– Кім дейсің?! Тәкенбай ма? – Жоқ, Том Сойер!


– Қызық екен... Немене, ол досың қалада тұра ма? – Жоқ.


– Енді қайда?


– Ол американдық. Марк Твен деген жазушының кітабынан оқыдым. Керемет бала... Екеуіміздің дос болғанымызға бір жыл.


– Мәссаған! Америка...


Көлдейдің сөзі төбеден түскендей болды. Балалар не дерлерін білмей аз-кем дағдарды. Сосын бір уақта бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, шу ете қалды:


– Ой, қияли! – Том Сойер!


– Кітап өтіп кеткен! Кітапты аз оқу керек! – Сөзінің сиқын қара!


Балалар шиқылдап-қиқылдап жан-жақтан жапа-тармағай күліп, аспанды бастарына көтерді. Көлдей абдырап қалды, бұлары несі, соншалықты не болды? Несі күлкілі? Шын сөзі... Олар достарының есімдерін атағанда, бұл мазақ қылған жоқ еді ғой. Қызық! Көлдей отырған орнынан тұрып, ортаға шығып, әрқай­сысының бетіне жаутаң-жаутаң қарап, сөз сұраған кісіше қолын жоғары көтеріп, әлгіндегі сөзінің мағынасын түсіндірмекші болып еді, ешкім құлақ аспай қойды, қайта лепірік күлкілерін одан әрі үдетті...


 


Міне, Көлдей содан бері Том Сойер атанды да кетті. Бірақ ол бұған титтей де өкінген жоқ. Том Сойер болса, несі жаман. Бір баланың досы сондай-ақ болсын. Тек балалардың түсінбей, мазақ қылғанына іштей қатты қынжылды.


Иә, Том Сойер Көлдейдің көп оқып жүрген кітаптарының бірінен тауып алған досы еді. Балалар осыны білмеді.


Рас, Көлдей кітапты көп оқиды. Таңның атысы күннің батысы қолынан кітап түспейді деуге болады. Дастарқан үстінде де кітапқа шұқшияды. Апасының:


– Көлдейжан, шайың суып қалды ғой, – деп отырғаны әлсін-әлсін.


Мұндайда Көлдейдің айтатыны: «қазір, қазір...». Көкесінің «көзің ауырады» деген сөзін де тыңдамайды. Бірде ол түнде шам сөнген соң төсекте көрпесін басына тас бүркеніп алып, қол панар­мен әлдебір кітапты қызыға оқып жатып, ұйықтап кеткен-ді. Апасы азанда сиыр саууға шықпақшы болғанда, Көлдейдің көрпесінің астында бірдененің қызарып жанып тұрғанын көріп, зәресі ұшты. Көрпе жанып жатыр ма деп ойлаған. Сөйтсе, қол панар...


Не керек, Көлдейдің есіл-дерті – кітап. Өзгелер секілді ойын­ға жоқ. Әрине, әдейі ойнамаймын демейді, неге екені белгісіз, қайсыбір балалардың есеп шығара не сурет сала алмайтыны тәрізді Көлдей ойынға жоқ, қысылып-қымтырылмай, еркін асыр салып ойнай алмайды. Ал шын мәнінде жөн-жосығымен әдемі ойнай білу де өнер ғой. Егер ойыннан емтихан болса, сөз жоқ, Көлдей «екілік» алар еді. Себебі шама-шарқы белгілі. Мәселен, алда-жалда балалармен бас қосып ойнай қалса, міндетті түрде бірдеңені бүлдіреді, олақтығын көрсетіп қояды, мазақ болады, не әлдекімдермен жанжалдасып төбелесіп қалады. Бұдан ойын бола ма? Ойын баланың жүйкесіне тимеуі, қуаныш, шаттық сыйлауы керек қой. Көлдейде керісінше, шаршайды. Сосын ызаланады. Асық ойнаса, қос қалтасын қағып, сымпиып шыға келеді. Арқа­ласпақта арқасы әбден жауыр болады. Жасырынбақта әп дегеннен көзге түседі.


Бұрын кейде ренжіп, кейде жадырап жүре беретін, Көлдейдің кеше балаларға қатты көңілі қалды...


Балалар кешкілік арғы көше, бергі көше болып бөлініп, футбол ойнауға ауылдың ортасындағы атшаптырым ашық алаң­қайға жиналды. Аяғына ақ кети, үстіне сары футболка-жейде киіп, бергі көшенің–өз көшесінің намысын қорғамаққа Көлдей де келді. Балалар ойынға қосар деген пәлендей дәмесі жоқ-ты. Себебі өз сырын жақсы біледі. Алмас бергі көше командасының капита­ны. Көлдейді шынында команда құрамына алғысы келмеді. Бірақ бір бала жетпей қалды да, оны амалсыз ойынға қосты. Дегенмен:


– Дұрыстап ойна! Бірдеңені бүлдіріп жүрме! – деп қатты ескертті. – Жарайды... – деді Көлдей күмілжіп.


Қойшы, содан ойын басталды. Айқай-шу. Қызыл танау жүгіріс. Бәйгеге түскендей Көлдейдің де делебесі қозды. Шамасы келгенше жақсы ойнауға тырысты. Бірақ футболға ебі, икемі жоқ екенін бірінші таймның ортасынан ауа көрсетіп алды. Масқара болды! Үйме-жүйме құйындап келген қарсы команданың фут­болшыларынан допты ала қашудың орнына, астындағы сәй­гүлігінің тізгінінен айрылып қалғандай, алас-күлесте байқамай, допты өз қақпасына соқсын! Айналада анталап тұрған жұрт ду күл­сін. Алмас күйіп кетті. Алаңның ана басынан ентігіп жүгіріп жетті де, Көлдейді алаңнан қуып шықты. Командадағылар:


– Енді сені бұдан былай ешқашан ойынға қоспаймыз! – деді қолдарын білеп. Көлдей иіні түсіп, үйге қайтты. Жаман азарланды. Жолда келе жатып өз-


өзінен былай деді: «Рас, мойындаймын, кінәлімін, жаңылысқан шығармын...


соған бола мені бар ойыннан мүлде аластағандары жөн бе? Қылмыс жасаған жоқпын ғой. Әдейі істедім бе? Олар құсап ертеден қара кешке дейін ойнап жүрсем, көрер ем, бәлем... Мейлі, ойын ойнамаған кісі жерде қалмайды. Өздері өмір-бақи ойынмен өтетіндей, о несі-ай! Ертең жылдар өтеді, ержетеді, сонда не істемекші? Кейін өздері-ақ өкінеді... Жоқ, соншама неге күйіп-пісемін, менің де олармен бірге ойнағым келмейді. Оларсыз да өмір сүре алам... Менің басқа достарым көп: Том Сойер, Қожа, Маугли... Қычан... Кетем бұл ауылдан. Ешқайсысының бет-жүзін көргім келмейді, сөйлескім келмейді. Түсінбейді...»


Арада үш күн өтті. Көптен бері далада сағым ойнап, күн шы­жып тұрған еді, бүгін батыстан лүпілдеп әлдебір салқын жел есті де, аспанды жөңкіліп бұлт торлап, жарқ-жұрқ найзағай ойнап, тақыр­да сатырлай шапқан сәйгүліктерше іле-шала дүркіреп жаң­быр жауып берді. Ауа салқын жаңбыр табымен апталды. Бір май­даннан соң аспан шырадай ашылды. Жуынып алған баладай жарқырап күн көрінді. Дала кілемше құлпырды. Тозаң, шаң кіл­кіген көкжиек көгілдір бояуға шомылып, сиқырлана нұрланып, көзді арбап, сұп-сұлу боп шыға келді. Кемпірқосақ көрінді.


Сонау күннен бері көңілі қаяу жүрген Көлдей есіктің алдына шығып, осынау ғажайып дала суретіне әлден уақытқа дейін сұқтанып тұрды да, лекілдеп ескен ерке самалмен кекілі желпіл­деп, су сіңген жұмсақ дымқыл құмды кішкентай табанымен борп-борп басып, көгілдір көкжиекке қарай асығыс жүгіре жөнелді...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу