Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  95


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Мәңгі жаса

Соғысқа кеткен талайдың жайы беймәлім,
Соғыс жайлы тыңдадық талай қыйналып.
Ерлікпен өлген Абдолла ақын ағаның,
Жетпіс бес жасын тойлауға келдік жиналып.
Сәлем сізге, соғыста болған аталар,
Сәлем, соғыс әкесін жұтқан апалар,


Мына мендей әкесіз өскен құрбылар,
Кезім де жақын көзіме мөлдір жас алар.
Тебіреніспен жас алсам көзге айып па?
Жылап бір алсам көзімнің жасы Жайықтай.
Соғыста өлген боздақты (әкемді де) талай еске алып,
Осындай жерде жылап алғаным лайықтау.
Сәлем, соғыс әкесін жұтқан бауырлар,
Қабағы қатып жандары талай ауырған.
Жақсыларына шаттанып, налып жаманға,
Қашанда менің бүйрегім бұрар ауылға.
Азаматтарын зарыға күткен аналар,
Жүректеріңде жазылмай жатқан жара бар.
Ер орнында еңбек еткен Сіздердің,
Еңбектерің соғыспенен бара-бар.
Тауқыметті басқа түскен арқалап
Сағыныштан жүректерін паршалап.
Жесір қалған қайран ана, жеңгелер,
Арамызда бар ма? қазір, қанша бар?
Жиырма бесте алаулаған шағында,
Тап болғаны-ай соғыс сұмдық залымға.
Абдолла аға өлмей тірі оралса,
Отырар еді ақындықтың тағында.
Абдолла аға тірі жүрген күндері,
Өлмес дастан жазып кеткен үлгеріп.
Қатал соғыс аямасын ешкімді,
Болар, сірә, күн ілгері білгені.
Батыр даңқы мәңгілекке өшпегей,
Еске алайық, ерте демей кеш демей.
Ақын аға жүрегінің алауы,
Жанып түрғай, мәңгі өмірден көшпегей.
Рухыңа бас иетін халқың бар,
Өлмес мұра қалды біраз артыңда.
Ерлікпенен қаза болған ағатай,
Мәңгі жаса! солай жап-жас қалпыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу