Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  314


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Отаным мен сенің арқаң

Қан майданнан оралмаған азаматтың жарысың,
Майдан үшін жөнелтілді сенің тапқан табысың.
Ер адамша киініп ап аққала да қаладың,
Қалмадың сен ешқашанда азаматтан қалысып.
Ер адамша кейініп ап пішенді де тасыдың,


Жылағанда шығарсың-ау, бізден талай жасырып.
Талай түнде сығырайған жайдақ шамды жарық қып,
Қолғап тоқып қан майданға жаттыңыздар асырып.
Талай-талай шымнан ойып баспанада салдыңыз,
Еңбекте де озат болып талай мақтау алдыңыз.
Облыс пен екі ортаға өгіз жегіп ай жүріп,
Бала, шаға, шал-кемпір боп обоз айдап бардыңыз.
Жалғыз-жарым малыңызды соқаға да салдыңыз,
Көрші көлем бөліп ішіп, жейтін едік барды біз.
Қант орнына сарсу тістеп, нан орнына жуа жеп,
Ұланғайыр Отанымды жаудан қорғап қалдыңыз.
Әйел болып көйлек киіп жүрген кезің табылмай,
Көп қиналдым сені ойлап ауыр ойдан арылмай.
Қанша сырлар жатыр екен ақтарылып айтылмай,
Сіздер жайлы қанша жырлар жатыр екен жазылмай.
Анашымды есіме алсам елжірейді жүрегім,
Көпке дейін үзбей жүрді-ау әкемнен ол күдерін.
Қан майданнан оралмаған азаматтар күрегін,
Қолына алып еңбек еткен жесірлердің бірі едің,
Бұл дәуренге жеткеніміз арқаларың сендердің,
Күйдірмедің, тоңдырмадың бақтың бізді теңгердің.
Құсайынның талайлары оралмады майданнан,
Жан анашым өкінбеші Құсайын боп мен келдім.
Жастай қалдым, жан әкемнің тәрбиесін көрмедім,
Демеші ана «Менің баққан зая кетті еңбегім».
Сенің арқаң, сенің арқаң, Отанымның арқасы,
Кешір ана, кешір Отан, артық кетсем пендемін.
Ұлы жеңіс қырық жылы құтты болсын анашым,
Сексен бесте толтырарсың жетпіс бес жас шамасын.
Туған жылың құтты болсын, жүре тұршы әлі де,
Жүре тұршы, жүре тұршы бізге болып қарасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу