Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  845


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Қызым Зәйтунаға

Қырыққа толып қалдың ба,
Зәйтуна жаным, қарғам-ай.
Зымырап көздің алдында,
Өтіпті уақыт жалғанай.
«Алтын бас» деуші ек жасыңда,
Алты жасыңнан болыстың.
Ақылды болдың расында,
Еңбекпен өсіп толыстың.
«Қырмызы гүлім бақтағы»,
«Қызарып атқан ақ таңым».
Аялап баққан анаңның,
Ақ сүтін өзің ақтадың.
Қайыспай өстің ауырға,
Майыспай өстің дауылға.
Ата мен ана сыйладың,
Қамқоршы болдың бауырға.
Алып ап үш-төрт мамандық,
Қызымет қылдың табанды.
Алладан саған тілерім,
Айналып өтсін жамандық.
Жарық та жылы баспана,
Үйді де өзің әпердің.
Боларлық үлгің басқаға,
Сүргіздің өмір әсерлі.
Бойымнан қуат, күш кетті,
Алладан болсын қайтарым.
Алғысым түмар істетті,
Қолдағай сені айтарым.
Көтеріп жүрсің ауырды,
Жақсылық жасап сарқыла.
Жаныңа жинап бауырды,
Өнеге болдың артыңа.
Таппадың жаным тынымды,
Арқалап ауыр жүгімді.
Алдыңнан шықсын жақсылық,


Қызығын көргін Гүліңнің.
Ғұмырда өткен саналы,
Адамдық жолды қаладың.
Анаңның берер батасы,
Сынбасың сағың қарағым.
Болмапты күнің жүдеткен,
Қылығың көп қой түлеткен.
Сарқылмас бақыт тілеймін,
Аналық аппақ жүректен.
Көңілің сүттей ағарсын,
Батадан бақыт табарсың.
Қайғысыз, мұңсыз ғұмыр кеш,
Қырыққа қырық жамалсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу