Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  170


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Алматыда

Тарих барма шындыққа бұрылмаған,
Шешендігің аянды бұрын маған.
Ел қорғаған ерлігің жайлы бүгін,
Ұрпағыңа естілді Сырым, бабам.
Ақиқатты адам ба талдамаған,
Мен естімеген заман жоқ зарламаған.
Ғасырлардың қойнауын ақтарғанда,
Ұрпағы жоқ батырын аңдамаған.
Шыбын жанын халқы үшін қинап өткен,
Ер намысын бойына жинап өскен.
Адал ұлын, батырын шешендерін,
Халықпыз ғой ежелден сыйлап өскен.
Өзгелерге кетсе де несібеміз,
Өз елімнің төріне кеш иеміз.
Жомарт және қонақжай қазағымның,


Мінезіне тапқырлық бас иеміз.
Сыр сандығын сақтаған жүрегіне,
Сырым бабам сенбеген білегіне.
Тапқырлық пен шешендік қасиеті,
Жаудың мысын қайырған жүре-жүре.
Өзге жатса барымды пайдаланып,
Намысына ақылын қайрап алып.
Халқын алып шығатын қиындықтан,
Бір Сырымның туары айдан анық.
Ұрпағымыз өйткені Сырымдардың,
Ана тілім, байлығым, жырымдалды.
Аруағы бабамның - қолдап жібер,
Мақпал жерім өзгеге тұлымдалды.
Ұшып барып ұшақпен астанаға,
Сізге арнап ас бердік Астанада.
Аруағың қолдаса ұрпағыңды,
Бұдан биік бақыт жоқ басқа маған.
Астанада бабама ас берілді,
Кешір бабам кеш ұқсақ қастеріңді,
Ұрпағыңа тойыңды тойлап барған,
«Сырым елі» делінген ат берілді.
Ат шаптырдың, палуан күрестірдік,
Қазан астық, нан-шелпек үлестірдік.
Астанаға ұшақпен-ұшып барып,
Киіз үйін қазақтың түнеттірдік.
Тарту еттік кілемді палуанға,
Бата еткіздік, сүйректей жануарға.
Астанада төр сізге тиіспесе,
Ризамыз ағамыз Әнуарға.
Сыйлы қонақ келсе егер елге-бізге,
Ризамыз Орынгүл жеңгемізге.
Астанада төр сізге тиіспесе,
Кешірім ет елдегі пендеңізге!


Батыс болып ас бердік, шығыс болып,
Жеткізілді бес үйге ыдыс толып.
Аға-жеңгей, бабаңның фатиқасы,
Ыдыс пенен үлессін, ырыс болып.
Өнер әлі жалғасын табар деймін,
Ғасырынан орынын алар деймін.
Басып өткен жерлерде Сырым бабам,
«Сырым батыр» есімі қалар деймін.
Мынау ғасыр бір Сырым туар деймін,
Сырым жолын сол ұрпақ қуар деймін.
Жібірілген ездікпен кемшілікті,
Күтіп жүрген жас Сырым жуар деймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу