Өлеңдер ✍️

  08.11.2022
  120


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Мұхтар ата - мәңгілік бағдарлама

Қазақ елі кең байтақ ел емес пе,
Көңілі де қазақтың кең емес пе.
Қазақ елін әлемге таныстырған,
Мұхтар аға алдымен сен емес пе?
Қарап тұрған парасат биігінен,
Шерлі болған замана күйігінен.
«Абай жолын» оқыған кезімнен-ақ,
Данышпандық ойыңа иіліп ем.
Кемдігімді жазыпсың, елдігімді,
Бостандық пен жырладың теңдігімді.
Қазақ елін биіктен қарап тұрған,
Жарық жұлдыз өзіңсің сен бүгінгі.
Естімеген ағайын таңғалыңдар,
Мұхтар ата сенің не арманың бар.
«Еңлік-Кебек» қайғылы оқиғасын,
Жиырмаға толғанда жазғаның бар.
Мәңгі көктеп тұратын көк терегім,
Ұрпағыңа тиіп тұр көп көмегің.
Экраннан түспейді, түспек емес,
Кино болып шығып жүр «Көксерегің».


Жаныменен ұғынып дала сырын,
Ғасырлардан ғасырға баратұғын.
Тіл мұрасын қалдырған қазағының,
Мәңгілігін ойлаған жан ашырым.
Көргеніңді ақылмен түйіндедің,
Қуанғаның көрінді күйінгенің.
Қайратыңды халқыңа сарқа жұмсап,
Қиындыққа ешқашан иілмедің.
Қиналудай қиналдың, мойымадың,
Мойындаттың қазақтың ойы барын.
Мойындаттың қазақтың бар әлемге,
Әлі талай жасайтын тойы барын.
Қайсы бірін айтайын, жазғаныңның,
Сенен алған өнеге маздағыңның
Талайларын тар жолда қинап бақты,
Еңіреген елім деп ардағымды.
Ғасыр толғап бір ұлды таптырыпты,
Маңдайымда жарқырап бақ тұрыпты.
Қол көтерген Абайға тоғышарлар,
Сені бір кез түрмеге жаптырыпты.


Әлі солай, жақсыны күндегішпіз,
Тілде жүйрік, тілдеудей тілдегішпіз.
Бірді біреу көз жетпей қаралайды,
Біреулері бастаса іргелі істі.
Сен туғалы біраз жыл, айлар өтті,
Талай ақын, жазушы сайрап өтті.
Не бір шешен ақындар тілін безеп,
Қызыл тілін қылыш қып қайрап өтті.
Алыс, беріс, күн көріс амалдасып,
Жер шарымен отырмыз хабарласып.
Мекке бару бұл күнде қиын емес,
Телефонмен отырмыз амандасып.
Ел боп тұрмыз бұзылмай қаймағымыз,
Желбіреп тұр көгілдір байрағымыз.
Мұхтар болып біресе Абай болып,
Мұхтар ата сіз бүгін сайрадыңыз.
Ғажап емес ел болу таңғажайып,
Бақыт жолын таба алсақ алмағайып.
Шарқ ұрып жүр сол жолды іздестіріп,
Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Жарық ортақ қараға, хандарға да,
Ақылдыға, ақымақ жандарға да.
«Абайы» мен қалдырған «Абай жолын»,
Мұхтар ата - мәңгілік бағдарлама.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу