Өлеңдер ✍️

  14.10.2022
  128


Автор: Қастек Баянбай

Ала қап

Қоянның кең кеуегі
Көжектерге толы еді.
Жарқырап таң атқанда
Жаппай қырға өреді.

Ағытылып көгеннен,
Қырға шығып көгерген,
Қозы-лақтай кәдімгі
Асыр сала жөнелген.

Буындары бекіген,
Тынымсыздар шетінен.
Шашырайды тарыдай,
Қақпаса тек бетінен.

Қашқан көжек тобынан
Көреді өз сорынан:
Құзғынға жем болады
Төбесінде торыған.

Көжек біткен дүрлігіп,
Жан ұшыра шыңғырып.
Кеуек жаққа безеді,
Бір секіріп,
Бір бұғып.

Өз қауқары жоқ аңға
Тірлік ету оңай ма,
Жыртқыштар көп жерде де,
Көзін тіккен қоянға.
Тышқан аулап қажыған,
Кәрі қаншық алжыған.
Шыға келді кездейсоқ
Бір қоянның алдынан.

Сұғын қадап көзінің,
Жалап жырық езуін,
Байқатқысы келгендей
Бөрі екенін өзінің.

Қоян екен ұрғашы,
Көк серкедей тұлғасы.
Бес көжекке бергісіз
Көрінеді бір басы.

Көрі жуық төрінен
Ығар емес бөріден.
Бұл беттесіп қалғандай
Қоянның бір ерімен.

Неткен неме төлі көп,
Туа берген жөні жоқ.
Жүз болады санаса,
Артығы жоқ,
Кемі жоқ.

Қаншық өңі бұзылып,
Қалды жүні жығылып.
Тұңғыш рет Қоянға
Тілек айтты сызылып.

– Көкке тойып қоңайған
Аң екенсің, Қоянжан.
Ал мен ашпын аюдай
Қысқы ұйқыдан оянған.

Көп туыпсың керемет,
Мұнша көжек не керек?
Замандасым едің ғой,
Маған бірін бере кет.
Табалайтын бар жауым,
Аштан өліп қалмайын.
Тойсам бүгін соңғы рет,
Болмас еді арманым! –

Тұрған Қоян қақшиып,
Тәуекелге бас тігіп.
Салқын жауап қайырды,
Күрек тісі ақсиып.

– Қаншық, саған не дейін,
Еттен басқа жоқ ойың.
Өз төлімді жылатып,
Қайтіп саған берейін.

Мың болса да көжегім,
Көпсінбеймін мен өзім.
Бүркіт ілсе біреуін,
Өртенеді өзегім.

Қайтесің құр қиялдап,
Көжегімнен жүр аулақ.
Мысық емес шығарсың,
Сүт сұрайтын мияулап.

Азық табу амалын
Мен есіңе салайын.
Жорта берсең жалықпай,
Асырайды аяғың.

Қызыл тілеп таңдайы,
Қаншық ұртын шайнады.
Әл бергендей бойына
Жалғыз тамшы қан дәмі.

Бара жатқан бетке өріп
Қояндарға кектеніп,
Шашармын деп қаныңды,
Қойды өзіне серт беріп.

Алмақ еді серпіліп,
Тұра қалды селтиіп,
Ала қапты көргенде
Жолда жатқан теңкиіп.

Қырға шығып шуақты,
Төсеніп жас құрақты,
Ұйықтап қалған тоңқайып
Семіз борсық сияқты.

Бірақ Қаншық сенер ме,
Мынау борсық дегенге.
Шықпай ма аңқып иісі,
Борсық болса егер де.

Тірі ме өзі,
Өлі ме,
Білінбейді демі де.
Ұқсатады кейде оны
Сусиырдың төліне.

Жоқ аяғы,
Жоқ қолы,
Кеспек пе әлде ет толы?
Жинап бойға қайратын,
Соған қарай беттеді.

Салайын деп жайратып,
Ала қапты аунатып,
Жан аямай алысты,
Аяқ астын шаңдатып.

Екі езуі суланып,
Болатындай шын қарық,
Қапты жыртып жіберді,
Бүйірінен бір қауып.

Жантайған жер бауырлап,
Сәл ортайды ауыр қап,
Жыртығынан ақ сұлы
Төгілгенде сауылдап.
Ала қаптан құрыған
Ақпаса да жылы қан,
Қаншық аузын толтырып,
Асап алды сұлыдан.

Көрмеген бұл әлі жеп,
Бірдеңе екен дәмі жоқ.
Бұдан гөрі жұғымды
Болушы еді арық ет.

Бекер болды мұнысы,
Құрғақ екен сұлысы.
Көмейіне кептеліп,
Ауырлады тынысы.

Қаншық аузы ырсиып,
Бойын қарып бір суық.
Басы айналып әп-сәтте,
Бара жатты тұншығып.

Бір атылып,
Бір құлап,
Басын жерге ұрғылап,
Дүниеден түңілді
Кеткен мүлде тұнжырап.

Көтеріп құр сүлдесін,
Жыртқыш зорға жиды есін.
Іштей тәубе келтірді,
Тірі екенін білгесін.

Жайлап шолып маңайды,
Қаншық қайта жаланды,
Шалынғанда көзіне
Тауып алған қабы әлгі.

Ала қабын қолға алып,
Қаншық терең ойланып,
Кіріп қаптың ішіне,
Жатпақ болды жол бағып.
Аңдушының бағына,
Көжек келсе маңына,
Бақ еткізіп бас салып,
Тыға бермек қабына.

Бірақ мұның қулығы
Ашылса ше бір күні?
Шолтаң ете қалмай ма,
Қулықтың да құйрығы.

Жатқанда бұл бұғынып,
Иісінен біліп ит,
Алып шықса қайтеді,
Қап түбінен суырып.

Өсекшілер белгілі,
Мазақ қылып сорлыны,
Бұл масқара хабарды
Таратпай ма сол күні.

Қашқан қазір айбыны,
Кәрі қаншық қайғылы.
Өз басына қатерлі,
Әлгі ойынан айныды.

Енді мына ала қап
Не қажетке жарамақ?
Көжек аулап көрмекші,
Кеуектерді жағалап.

Қорегі жоқ татарға,
Жыртқыш шыдап жатар ма,
Кешке бір қап көжекті
Алып қайтпақ апанға.

Ертелі-кеш ербеңдеп,
Шекпей енді ол бейнет,
Күніне бір көжекті
Қаптан алып жей бермек.
Тіптен оңай табылды
Үлкен кеуек байырғы.
Көжектердің іштегі
Құлаққа үні шалынды.

Бөгелместен бір ауық,
Қос білегін сыбанып,
Қапқа салды көжекті,
Кеуегінен шығарып.

Бір ұмтылып тағы да,
Қолын сұғып арыға,
Көжектің бір жуанын
Тықты жылдам қабына.

Бұл сұмдықты сырттағы
Жас көжектер ұқпады.
Түсті қапқа өздері,
Кеуегінен шыққаны.

Сөйтіп,
Лезде толды қап,
Маңдайына қонды бақ.
Қапта нешеу екенін
Санаған жоқ ол бірақ.

Жетер, сірә, бұл көжек,
Жата берсе күнде жеп.
Алып барса болғаны,
Апанына сүйрелеп.

Қап ішінде қараңғы
Топты көжек қамаулы,
Зорға отыр тыпыршып,
Көргісі кеп маңайды.

Аспан да жоқ,
Күн де жоқ,
Өкініштен күйді өзек.
Кенет қаптың жыртығын
Көре қойды бір көжек.
– Жыртық екен мына қап,
Қарайықшы сығалап.
Тар қапастың ішінде
Жатқанша құр ұялап.

Төрт аяқты аңдар да
Құмар жарық жалғанға.
Қақтығысып барлығы
Үймеледі саңлауға.

Күткендей бір жақсылық,
Күрек тістер ақсиып,
Байқап көрді кейбірі
Сол тесікке бас сұғып.

Сыптай ғана бір көжек
Батылданып бір кезек,
Жетті әлгі жыртыққа,
Алға қарай кимелеп.

Басқалардан сәл бұрын
Ойлады ма тағдырын,
Кетті ырғып жыртықтан,
Таңғалдырып барлығын.

Бұл ерлікті көргені
Қайталады енді оны.
Қаптан қашқан көжектер
Өріп кетті жол бойы.

Көжектің ең жуаны
Кескен жеңдей құлағы,
Зорға шығып тесіктен
Жерге барып құлады.

Қаншық көзін тайдырып,
Жатып еді сәл бұғып,
Жіберді бір түшкіріп,
Танауына шаң кіріп.
Дыбысты естіп анайы,
Қаншық артқа қарады.
Жалғыз көжек қалмапты,
Қап ішінде жаңағы.

Тасқа тиіп маңдайы,
Қаңсып қаншық таңдайы,
Жыртық қаптың бұрышын
Қышырлатып шайнады.

Шұрқырайды құр іші,
Шашылып бар ырысы,
Қап түбінде қалыпты
Тек көжектің иісі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу