03.10.2022
  256


Автор: Ертай Ашықбаев

Шофер

Отырмаймын текке мен,
Мақсатым көп жетпеген.
Көкем шофер,
Мен-дағы
«Шофер болсам» деп келем.
Гаражымыз бар біздің,
(Деген жоқпын: «Жалғызбын»).
Сүйреп жүрген ойыншық
Машинамды ал бұздым.
Қайта жинап...
бөлшектеп...
Май, су құйдым өлшеп кеп.
Бәрін өзім тындырдым,
Кім қолғабыс көрсетпек?
Көкеме ұқсап сөйледім:
«Бітірдім-ау, ой», — дедім.
Шаң, май болды қол, бетім,
Шаң, май болды көйлегім.
Енді қырға кетем мен,
Енді қырға кетем мен.
...Жуынбай-ақ қояйын,
Аумай тұрмын көкемнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу