03.10.2022
  74


Автор: Ертай Ашықбаев

СҮЮ

Деп:
«Инесі көп, тегі», —
Ұнатпайды кірпіні.
«Дайын тұр, — деп, — тепкелі», —
Жақтырмайды жылқыны.
«Жемді шашып төгеді», —
Деп сөгеді тауықты.
Жыланды жек көреді:
«Жауыз ғой, — деп, — қауіпті».
Деп:
«Не дейін тұлғаңа?» —
Ұнатпайды түйені.
Түсінбедім,
Бұл бала
Сонда нені сүйеді?
Түсінбеймін әлі мен,
Аң-таң болып қалдық тым.
Мін табады бәрінен
Жануар мен жәндіктің.
Үнсіз қайттым үйге мен,
Ішің қалай күймейді?
Хайуанатты сүймеген —
Адамды да сүймейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу