Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Науырыз айы:
Түске дейін мүйіз,
Түстен кейін киіз.
Құс патшасы — бүркіт,
Аң патшасы — арыстан.
Үркер үйден көрінсе,
Үш ай тоқсан қысың бар.
Үркер іңірде жанбасқа келсе,
Жаз шықпаған несі бар?!
Ай бетінде де дақ бар.
Тышқан көп жылы —
Тоқшылық,
Қоян көп жылы —
Жоқшылық.
Ақпанда күн —
Ат адым ұзарады.
Көшерімді жел білсін,
Қонарымды сай білсін.
Сұңқар орманға тартар,
Тұлпар қорғанға тартар.
Құстың бәрі сұңқар болмас,
Аттың бәрі тұлпар болмас.
Құс бағу да бір қызық,
Құс салу да бір қызық.
Қиядағыны қыран ғана көреді.
Ұядағыны жылан ғана көреді.
Ат бегі —аттыңтұяғына қарар,
Құс бегі — құстың қияғына қарар.
Ажалды қарға бүркітпен ойнайды.
Топтанып ұшқан торғайға
Тұрымтай да бата алмас.
Ит иесі үшін алады.
Бүркіт жемі үшін алады.
Қыран қияда түлейді.
Қаршыға қаз алса,
Ителгі етек қабады.
Ителгінің баласы ілмейқалмас.
Қолмен бергенге құс тоймас.
Доссыз — өмір тұл,
Махаббатсыз — өмір тұл.
Қыран жүйрік пе,
Қиял жүйрік пе?
Тауындағы түлкіні
Бабындағы бүркіт ғана алады.
Саятшының сұңқары
Салған жерден іледі.
Құсбегісі келіссе,
Күйкентай құс қаз алар.
Қиядағы қызыл түлкіні
Қияннан соққан бүркіт алады.