Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  241


Автор: Темірше Сарыбаев

СҰЛТАН ҚАЛИЕВКЕ

Кең жайып жалпақ елге жыр қанатын,
Кезің бұл жас жігіттей нұрланатын.
Мерекең құтты болсын, ең алдымен,
Алпысқа жаңа үстемдік құрған ақын!
Келесің көріп дәйім жыл жемісін,
Еңбегің ел алдында гүлдеді шын.
Риза «жасөркендік» журналистер,
Ішінде сендей Сұлтан жүргені үшін.
Қорытылған мінезің бар қорғасындай,
Пішінің хас батырдың формасындай.
Тұрасың топ ішінде дараланып,
Аумаған шері Әлінің жолдасындай.
Жыр тулап астан-кестең жүрегіңде,
Келесің қызмет қып ұлы еліңе.
Сиректеу сақал-мұртты қоя берсең,
Ойнар ең Шыңғыс ханның рөлінде.
Бірер жас болғанымен кішілігің,
Ұлықтау дәрежең мен кісілігің.
Қатеге тас кенедей қадалатын,
Ұнайды маған сол бір ісің, інім.
Жалғасып жалт-жұлт етіп мына күнмен,
Жетерсің жетпіске де жыр-ағынмен.
Мерейге мұнан да әрі бөлене бер,
Жадырап, жаздай жайнап «Ұланыңмен».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу