Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  220


Автор: Темірше Сарыбаев

ШЫБЫН ЖАНДЫ ШЫЖҒЫРАМ

Қайдан келсін, Құдай-ау, жоққа шамам,
Шыбын жанды шыжғырам, отқа салам.
Арман қанша кеудемде арам өлген,
Ұстатпай жүр жалынан көп қашаған.
Жанып-сөніп, әлсіреп жарығым да,
Маңдайымды сүйеймін кәрі мұңға.
Тарланбоздың барлығы о дүниеде,
Қалған боздың құлтабан бәрі мұнда.
Жаңғырығып жадымда өшкен есім,
Ермек етем өткеннің ескі елесін.
Бары-жоғың белгісіз болғасын ба,
Өз-өзіңнен секем ап, сескенесің.
Сескенесің сыз тартқан сезіміңнен,
Өзің шошиды екенсің өз үніңнен.
Жанарың да жалтарып, жер шұқиды,
Жан таба алмай жайыңды көзіне ілген.
Бір тиянақ дегенде табамын-ау,
Бара жатқан ышқынып баға мынау!
Қиналғанда қысылмай, сертке ұстайтын,
Қалғымасаң қайтеді, қаламым-ау?!
Жағдайы жоқ жүректің жайланғандай,
Тырп етуге тағдырға айлам қандай?!
Орта жолда мертігіп ауыр жүктен,
Мөлт-мөлт еткен көз жасы қайран нардай.
Тәкаппарлық танытпас тас та бұлай,
Ағып жатыр жан-жаққа ақша-мұнай...
Бір құлақ су халқыңа бұйыртпайтын,
Жаңылдың ба,
Не қылдың,
Патша Құдай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу