Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  168


Автор: Темірше Сарыбаев

МҰЗ БЕТТЕРГЕ МҰҢ ШАҒЫП...

Күңіреніп шығады күле кірген,
Жел ызғиды жұртым-ау, жүрегімнен.
Қалтыраған жаныма қамзау таппай,
Мұз беттерге мұң шағып, жүдедім мен.
Сыр сандықтың салмаған құлпын берік,
(Өзімнен де болуы – мүмкін делік).
Түске дейін дос болған сол ант ұрған,
Түстен кейін түксиді сыртын беріп.
Қандай едік!
Қаншама құлдырадық?!
Адам сенбес басталды сұмдық анық.
Ісі түссе, жаныңда шыр айналып,
Билеуге бар, Ібіліс мың бұралып!
Айтқан жерде айнымай басы қалған,
Қазақ, Қазақ!
Қайтейін, асыл арман!
Қасиетіңді құндамай орта жолда,
Ұрпағыңа обалың! –
Шашып алған.
Қадіріңді бағалар түсініп кім?!
Тағы кетті келмеске ұшынып күн.
Адамзаттың қараған төбесінен,
Келбеті едің, расы, Кісіліктің!
Көтеріліп-басылып теңіз-кеудең,
Ар мен Адам, жазбадың,
егіз деуден.
Екі көзім төрт болып өле-өлгенше,
Өмірім өтер, баба,
Сені іздеумен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу